Алматы облысындағы маңызды тасжол қашан жасалады – вице-министр жауап берді

07.09.2024 00:40

Алматы – Кеген – Нарынқол тасжолының жайы тұрғындарды толғандырып келеді

Стоп-кадр

Күрмеуі шешілмей келе жатқан Алматы – Кеген – Нарынқол тасжолының жайы 2025 жылы шешімін таппақ. Бұл туралы өңірге арнайы сапармен барған Көлік вице-министрі мәлімдеді. Сәтжан Аблалиев Алматы облысына қарасты республикалық маңызы бар жолдар ел Президентінің жіті бақылауында екенін жеткізді. Ал елдімекен тұрғындары жолдың сапасы ерекше бақылауға алынса дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Аталған өңірге арнайы ат басын бұрған Көлік вице-министрі де күрмеуі шешілмеген түйткілдің күрделі екенін растады. Тіпті тендерге түскен мердігерлерді мұқият таңдау керек екенін ашық айтты. Мұндағы ауа райының ерекшелігін де ескеріп барып жұмыс жүргізу керек дегенді алға тартты ведомство өкілі. Сөйтіп, бақылаудың қатаң болатынын жеткізді.

«Қыста, күзде жасай алмаймыз. Ауа райы деген факт бар. Ол келісімде, заңның ішінде көрсетілген. Дайындық жұмыстарына рұқсат алу үшін де жұмыс істеп, мобильділігін көрсету керек. Сенімді болған соң ғана ақша беруге болады», - деді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Қара жолды қабаттап, техникасын жарақтап, жол жөндеп жатқан аумақ – Кеген мен Нарынқол арасындағы күре жол. Қазір нақты 15 шақырым жерге жаңа асфальт төселіп жатыр. Ал ендігі есептегі 74 шақырым келер жылға жоспарланыпты. Биіктігі 11 см болатын жабындының сапасы қаншаға шыдарын дәл қазір дөп басып айту қиын, десе де, мамандар кепілдік беріп отыр.

«Қазіргі таңда Алматы обылысы бойынша 1752 шақырым республикалық маңызы бар жол бар. Соның ішінде қайта құру бойынша 281 шақырымда жұмыстар атқарылуда. 30 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Және де 2024-2025 жылдарға Алматы облысы бойынша 262 шақырымға орташа жөндеу жұмыстарын атқаруды жоспарлап жатырмыз», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының қозғалыс және пайдалану бөлімінің бастығы Досбол Тепышев.

Жолдың жайын жүрген білер деп, екі ортада жүргізуші болып күн көретін көпшілік төселген асфальт сапалы болса дейді. Өйткені бұған дейін жаңа төселген жабындының көп ұзамай тесіліп қалғанын да тұрғындар ұмыта қоймапты.

«Компания кей нәрсені дұрыс жасамай жатыр дейді, бірақ біз келіп жатырмыз ғой. Тағы да келеміз. Керек болса, күн сайын келеміз», - деді ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Ал Кеген ауданының әкімі бұған дейін жолды сапасыз салған мердігер мекемені жауапқа тарту туралы хат жолдап, бюджет қаржысын үнемдеуге тырысқандарын айтады. Сондықтан биыл мұндай олқылыққа жол берілмейтінін алға тартты.

«100 км ге жуық жолға 11 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, бес бағыт бойынша соны тексеруге келіп отыр. Жергілікті жерде тұрғындар ретінде, осы ауданның басшысы ретінде де бұл жолдың сапасын қадағалап, бақылайтын боламыз», - деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Биыл республикалық маңызы бар бұл жолдың жалпы 130 шақырымын орташа жөндеу жоспарда бар. Ал 2025-те «шаруа толық аяқталады» деп сендірді жауаптылар.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Құбырды кесіп тастаған: Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ішерге су таппай отыр