Жол үстіне салынған үйді сүріп тастау үшін соттың шешімі керек
«Көшесіз қалдық, үйге кіріп-шығудың өзі мұң болды». Осылай деген Алматы облысы Көліащы ауылының тұрғындары тұтас бір көшедегі жер телімі сатылып кеткен деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрғындардың айтуынша, құжат бойынша көше деп берілген жерге көршісі үй салып алып, жолды жауып тастаған. Енді не жедел-жәрдем не өрт сөндіру көлігі бізге кіре алмайды дейді көпшілік. Жарыққа да жарымаймыз деген жұрт әкімдік құрғақ уәде береді дейді. Жолсыз ауылдың жөнсіз түскен көшелерімен үйге жету де қиын деген тұрғындардың айтуынша, ауылдың жерін кезінде әкімдік ретсіз сатып жіберген.
«Үй тұрған жер көше болатын. Мұны әкімшілік те біледі. Иесін сотқа берген, бірақ сот шеше алмады. Біз шешіп беруін сұраймыз», – деді Көліащы ауылының тұрғыны Анаспай Мадатов.
Мұқым ел меңзеген беймәлім азамат бұл үйде тұрмайтын көрінеді. Тек жер телімі бос тұрмасын деп тұрғызып қойған үй екен. Жылдар бойы бөтеннің ауласын айналып өткен жұрт жексұрын болдық деп кіжінеді.
«Біз 2019 жылдан бері жол мәселесін шеше алмай келеміз. Басында электр жарығы керек болған соң өзіміз тартып алдық. Жол жоқ. Мен ертең перзетханаға баратын болсам жедел жәрдем көлігі қалай келеді», – деді Көліащы ауылының тұрғыны Тазагүл Елбаева.
Ауыл тұрғындары электр бағандарын да өздері орнатқан, бірақ олар құлайын деп тұр.
«Мына бағандарды көрдіңіздер, қисайып тұр, оны жаңарту керек. Қазір үйде тоңазытқыш бар кешкісін жарық сығырайып қалады», – деді Көліащы ауылының тұрғыны Берік Маймақов.
Көптің көңілін күпті еткен көшемен мектепке баратын оқушының киімі шаңнан, балағы батпақтан тозады. Жер алғандарға көше болады деп картадан көрсетіпті.
«Міне, бұл кісілерге сегіз метр жол қалдырылды. Бүгін кешке жолды тегістеу үшін техника әкелеміз. Ал толық жөндеу жұмысына өтінім беріп, қаражат сұраймыз», – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Әзімжанов.
Жергілікті билік өкілінің айтуынша, жарықты жалпы жиында шешеді. Ал жол үстіне салынған үйді сүріп тастау үшін соттың шешімі керек екен.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы