Жергілікті әкімдік өкілдері халықтың талап-тілегін тараптармен бірлесе шешеміз деп уәде берді
Алматының Бостандық ауданында 100-ге жуық адам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қарсы шығып, Құсайынов көшесінде салынып жатқан 17 қабатты үйді сүріп тастауды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Бұл – Дунаевский мен Құсайынов көшелерінің қиылысында салынып жатқан кезекті тұрғын үй кешені. Даңғырлаған дауыс пен бітпейтін құрылыстан халық әбден мезі болған. Оның үстіне барған сайын биіктей түскен үйдің кесірінен деміміз тарылып барады дейді жұрт. Сондықтан тұрғындар құрылысты тоқтатуды, керек болса үйді сүруді талап етті.
«Мына құрылысты тоқтату керек. Бұған кім рұқсат берді? Неге 10 қабатты үйді қарамаған? Анда 18 қабатты офис тұр. Мына жерден шығып, қайта кіру қиын болды. Жол жоқ», – деді қала тұрғыны Қорғанбек Нұрбаев.
Халықтың құрылыс компаниясы мен шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Жауаптылар үй салынатынын ескертпеген, елмен ақылдаспаған көрінеді.
«Бұған дейін Дунаевский көшесінің бойымен Розыбакиев көшесіне шыға алатын едік. Қазір оны да жауып тастады. Енді тек Құсайынов көшесі арқылы қалаға шығамыз. Оның өзі тар, бәрі осы жолмен жүреді. Құрылыс ережелері сақталмаған. Үйлер бір-біріне өте жақын салынған, төтенше жағдай талаптары, қауіпсіздік ережелері мүлде ескерілмеген», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Рахымжанова.
Тұрғын үй кешенінің аумағында көлік тұрағы да салынбақ. Құрылыс компаниясының жобасы бойынша көлік тұрағына көліктер осы жерден кіретін көрінеді. Алайда бұған да жұрт үзілді-кесілді қарсы. Өйткені онсыз да тар жерге тығылдық деген тұрғындар кейін бұл жермен жүру мүлде азапқа айналады деп қорқады. Үйді салып жатқан компания өкілі құрылыс заңды, мемлекеттік сараптамадан өткен, өрт қауіпсіздігі де сақталған дейді. 17 қабаттық үйдің жобасы 2020 жылы мақұлданыпты.
«Құрылысты толық аяқтаған соң тұрғын үй аумағы арқылы Розыбақиев көшесіне шығатын жүргіншілер жолын саламыз. Бірақ бөгде көліктер кірмейді. Тек өрт сөндіру машиналары өте алады», – деді құрылыс компаниясының өкілі Расул Зәкіров.
Ал қалалық құрылысын бақылау басқармасының мамандары үйдің арасындағы қашықтық мәселесіне сәулет басқармасы жауапты дейді.
«Компания жекеменшік жеріне үй салып жатыр. Ал Құсайынов көшесіне тротуар жобада бар. Жалпықалалық тротуар болады», – деді қалалық құрылысын бақылау басқармасының бас маманы Мадияр Туғанбеков.
Жұртпен жүздескен Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері халықтың талап-тілегін тараптармен бірлесе шешеміз деп уәде берді. Дегенмен жұрт қалауымыз орындалмаса, онда Президенттің көмегіне жүгінеміз деп бекініп отыр.
Назкен Еркін, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы