Буллинг – бала болашағына балта шабады. Қазақстандық психологтар осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуы бойынша, еріктілер, блогерлер қоғамның қолдауына мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткенін жариялағанда балалардың жүзін жасыруды жөн санамайды. Мұның соңы баланың мектепте немесе достарының арасында кемсітушілік жағдайына әкеп соқтырады. Тіпті, суицидке де итермелеуі әбден мүмкін. Мәселені Almaty.tv тілшісі зерттеп көрді.
Қазақта «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деген бар. Бірақ қазір еріктілер, блогерлер т.т. тұрмысы төмен жандарға азық-түлік тасып, пайдалы іс атқарғанының дәлелі ретінде әлгі адамдардың суретін әлеуметтік желіге жарыса жариялайды. Кейде соның кейінгі салдарына мән бере бермейді. Мысалы, мына көп балалы отбасыға көмек керек деген ақпаратты алып қарайықшы, мұнда балалардың бет жүзі ашық көрініп тұр. Ал мамандар мұндай суреттер баланың болашағына теріс ісер ететінін айтады.
«Ол жандардың суреті интернетке бір енсе, жоғалмайтынын біле ме? Балаларымен бірге түсетіндер бар. Ол сурет баласының буллинг құрбаны болуына әкелуі мүмкін екенін біле ме?» – деді саясаттанушы Дархан Өмірбек.
Яғни, буллинг – адамды мазақтау, қорлау, жекелету, жаман әзіл айтып, басқа адамдардың алдында ыңғайсыз жағдайға қою. Мысалы, дәл қазір жағдайы төмен отбасының баласы ертең аяққа тұрып, үйленіп, жұмыс тауып жаңа ортаға енді делік. Интернетке аты-жөніңізді терсеңіз 10 жыл бұрынғы мақаланы да шығарып береді. Бүгінде абыройы артқан тұлға, кеше халі мүшкіл болғанын жұртқа жария еткісі келмеуі мүмкін. Осы ретте психолог Ержан Мырзабаев бұл баланың бойындағы психологиялық қымсынуды дамытып, өзін жек көруге әкелетінін айтады.
«Әлеуметтік желідегі түрлі блогерлер, белсенділер халықтың жанашырлық сезімін тудыру мақсатында балалардың суретін қою, балалардың қиналып жатқанын көрсету, балалардың жылап жатқанын көрсету, оларды камераға сөйлету сияқты адамдардан ақша жинау мақсатында осының бәрін жасайды. Бірақ айналып келген кезде, бұл балалардың мектебі бар. Бұл балалардың сыныптасы бар, бұл балалардың құрбылары бар және ешбір бала құрбыларының арасында өзінің абыройын түскенін, өзіне жанашырлықпен қарағанын қаламайды», – деді психолог Ержан Мырзабаев.
Ал, еріктілер тобының жетекшісі Ермек Райымқұлов бүгін жағдайы бола тұра көмек беруге уақыт таппайтын жандар аз емес екенін алға тартады. Сондықтан суреттерді сол жандарды ынталандыру мақсатында түсіреміз дейді. Онымен қоса, фотодәлел салмаса, халық арасында сенбейтін жандар бар екенін жоққа шығармады.
«Түскісі келмейтін кездер болады. Қашып, камерадан тығылып, біз оларды түсірмейміз. Біз көмек көрсеткен кезде, міндетті түрде келісім сұраймыз. Егер келісім берсе, жүктейміз. Келісім бермесе, онда бетіне «»смайлик қоямыз немесе мүлде жүктемейміз ол кісіні», – деді «Астана қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Ермек Райымқұлов.
Мамандардың сөзінше, қайырымдылықпен айналысатын жандарға мемлекет тарапынан тексеру жүргізіліп тұруы қажет. Егер халықтың сенімі артса, онда фотодәлел де керек болмайтынын айтады. Ал, бұл жағдай осылай жалғаса берсе, жасөспірімдер буллинг құрбанына айналады дегенді алға тартады психологтар.
Қаламқас Нысанбай