Жыл басынан бері Қапшағай су қоймасындағы браконьерлерден 10 тоннадай балық тәркіленген. Мамандардың айтуынша, бұлай жалғаса берсе, суда балық қалмайды. Себебі браконьерлер жүзуге рұқсат берілмеген әрі балықтардың көбейетін аймағына ауыз салады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қапшағай су қоймасын балықтың 30-дан аса түрі мекендейді. Оның ішінде 10 түрі экспортқа шығарылатын бағалы балықтар тобына жатады. Мамандардың айтуынша, суасты тіршілік иелерінің көбейіп өнетін жерлері ерекше қорғалады. Ал онда астыртын жүзіп өтіп, қармақ салатын көлеңкелі кәсіп иелері азаймай тұр.
Осындай аспан ашық, шуақты күндерде браконьерлер тіпті көбейіп кетеді екен. Инспекторлар катерде судың бетін барлап жүріп, шамамен бір шақырым жерде әлдекімдер отырған қайықты көріп қалды. Сонда қарай бет алған тәртіп сақшылары қазір олардың балық аулауға рұқсат қағазы бар-жоғын анықтады.
Екі балықшының да заңға қайшы әрекет жасамағаны белгілі болды. Ал келесі жолыққан қайықтағы ер адамға мемлекетпен қорғалған аймақта балық аулағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ браконьердің суға тыйым салынған 800 метрлік қытайдың ауын салғаны анықталды.
Дәл осы браконьер сияқты баға арзандығына қызығып, Қытайдың ауын қолданатын балықшылар көбейген. Ең сорақысы, торды бір-екі рет пайдаланған соң суға лақтырып кете береді екен. Соның салдарынан су астындағы тіршілік иелері теңіз түбінде-ақ қырылып жатыр.
Тәртіп сақшылары айдынға шығатын техникамыздың тозығы шыққан деп қынжылады. Айтуларынша, соның салдарынан заманауи моторлы қайықтармен жабдықталып алған браконьерлерден жиі қалыс қалады. Кей катердің қолданыста жүргеніне 20 жылдан асқан. Дегенмен, транспорт қатары ендігі жылы уәде етілген су жаңа қатерлермен толығады деген ниетте.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы