|
04.07.2023 | 19:40
1534

МАЭК-тегі апатқа кінәлілер жауапқа тартылады - Үкімет басшысы

МАЭК-ті жөндеуге жоспардағы 3,1 миллиард теңгенің үстіне қосымша 1,8 миллиард теңге бөлінеді

МАЭК-тегі апатқа кінәлілер жауапқа тартылады - Үкімет басшысы Фото: primeminister.kz

МАЭК-тегі апатқа кінәлілер жауапқа тартылады. Залалдың орнын толтыру үшін бюджеттен қосымша 1,8 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысында жоспар бойынша вегетациялық кезең мен бизнесті қолдау тақырыбы қаралатын еді. Алайда Премьер-министр негізгі тақырыпты бастамай тұрып, батыстағы мұнай өңдеу зауытындағы апатқа байланысты жауаптылардың сөзін тыңдауды жөн көрді. Кегок акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Атырауда жарық беру шектелуі мүмкін екенін айтып қалды.

– Маңғыстау энергия торабында өндіріс нысандарында 65 мегаватт көлемде шектеу сақталып отыр. Бұл шектеулер МАЭК-тегі қуаты 140 мегаватт болатын №1 блоктың өшірілуінен туындаған электр тапшылығымен байланысты, – деді Kegoc АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те онлайн байланысқа шығып, өңірдегі ахуалды айтты. Сөзіне сенсек, жылу электр орталығының қуаты 180 мегаваттан 65-ке дейін түсіп кетіпті. Содан соң әкімдік шұғыл шара қабылдаған.

– ТЭЦ-тің генерациясы жүктемесін 130 мегаватқа дейін өсіріп, 35 киловольттық желілер арқылы қаланың сол жақ жағалауын электр желісіне қостық. Сағат 21:00 Kegoc арқылы синхронизация жасап, Ресей федерациясынан 130 мегаваттық электр қуатын алып, осы арқылы толық аудан мен облыс электр желілеріне қосылды, – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, МАЭК-ті жөндеуге жоспардағы 3,1 миллиард теңгенің үстіне қосымша 1,8 миллиард теңге бөлінеді.

– Осы апат жөнінде өңір әкімімен сөйлестік. Қондырғыларға дәл қазір тапсырыс беру үшін әкім қосымша 3,1 млрд теңге қаражат сұрады. Сонда қорытынды сома 4,9 млрд теңге болады. Премьер-министрдің шешімі, Энергетика министрлігінің тиісті қорытындысы бар. Бұл ақша жақын күндері бөлінеді. Яғни, апат салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Айта кетейін, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себебін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кіреді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир