Апатты жатақхана: Атырауда бір бөлмелі пәтерде бірнеше отбасы тұруға мәжбүр

27.08.2024 00:41

Баспана 30 жыл бұрын медицина саласының қызметкерлеріне берілген

Almaty.tv

Атырауда баспанасы апатты деп танылған тұрғындар жаңа үйге қол жеткізе алмай жүр. 1990 жылдары медицина қызметкерлеріне берілген бес қабатты жатақхананың қабырғасы жарылып, едені тесілген. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы Владимирский көшесінде орналасқан жатақхана 30 жыл бұрын медицина саласының қызметкерлеріне берілген. Қуықтай бір бөлмелі пәтерде бір емес, бірнеше отбасы тұрады. Көпшілігі – зейнет жасына шыққан ардагер дәрігерлер. Олар «қысы-жазы сыз тартқан, қабырғасы құлауға шақ үйде тұру мүмкін емес» деп мұң шақты. 

– Жатақхананың  жағдайы өте нашар. Тұрғындар бір бөлмеде жатады, тамақ ішеді. Балаларды аядай бөлмеде сабаққа дайындайды. Асхана біреу, онда да тоқ, газ жоқ. Электр пешін қосып, тамақ дайындайды. Тоқтан ақау кетіп, өрт те шықты. Балалар зардап шегіп жатыр, – деді қала тұрғыны Марзия Қабдол.

– Төрт отбасы 13 шаршы метр бөлмеде тұрады. Дәретхана мен жуынатын бөлме ортақ. Кезекке тұрамыз. Кір жуған кезде де, жуынғанда да айқай. Ауру болдым, енді баратын жер жоқ, – деді қала тұрғыны Слухия Ериманова.

Бұл жатақхананы әкімдіктегілер 2019 жылы апатты деп таныған. Өзгерістен үміт күткен жұртшылықтың айтуынша атқамінерлердің содан бері ат ізін салмаған. Ал түсірілім барысында олар «жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр» деді. Олардың айтуынша, жыл соңында апатты жатақхана тұрғындарының мәселесі шешіліп, көпшілік баспанамен қамтылмақ.  

– Талқайран және Береке ықшамаудандарында тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Жұмысты жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отырмыз. Бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асады, – деді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мереке Зейнуллин.

Айтылған әңгіме көңілге медеу-ақ. Бірақ көпшілік кезекті уәдеге күмәнмен қарайды.

Айта кетейік, қалада 100-ден аса апатты деп танылған жатақхана бар.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Астанада 10 адамды алдаған пәтер алаяғы ұсталды