Айман Омарованың айтуынша, сот психологын дайындау қажет
Елімізде кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлағандардың ісімен айналысатын арнайы департамент құрылуы керек. Онда кемінде 10 жылдық тәжірибесі бар тергеушілер жиналғаны дұрыс. Бүгін Қазақстан баспасөз клубында өткен жиында Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова осындай ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аты-жөнін, түр-келбетін жасырған бұл қарағандылық келіншектің қос қызын азаматтық некедегі жары зорлаған. Арам ісін жүзеге асырған соң ол шетел асып, қашып кетіпті. Өгей әке арада біраз уақыт өткен соң ұсталып, қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ол уақыт оздырып, дәлелдерді жоймақ болған.
«Сот барысында байқағаным ол барлық дәлелді жойып, көлігін сатып жіберген. 2 жасөспірім қызымның құқығын қорғап, әділ шешім шыққанын қалаймын», – деді кейіпкер.
Дәлелдерді жоймақ түгілі, дайынын алмайтын тергеушілер де бар. Жиылған адвокаттар сот сараптамасының дұрыс әрі уақытылы жүргізілмейтінін айтады. Сондықтан, адамдық азайып, азғындық көбейген заманда еліміздегі кей заңдарға өзгерістер енгізу керек. Оған қоса, сот психологын дайындау қажет. «Онсыз да қорлық көрген бүлдіршіндерге дұрыс сұрақ қою керек» дейді қорғаушылар.
«Дәлелді, фактіге қатысты заттарды алған кезде және де басқа әрекеттерді жасағанда заңды бұзып жасайды. Нақты қорлаған кісілер қылмысқа тартылмай жатыр», – деді ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова.
Әр өңірден сайланған бала құқығын қорғайтын омбудсмендер арасында тренинг өткізу керек. Олар осындай жағдай басына түскен жандар көмекке жүгінсе, бірден не істеу керегін білуі қажет. Яғни, жұмыс алгоритмін бекітіп алған жөн.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы