«Жерімді даулап жүріп, жұдырық астында қалдым». Осылай деп арнамызға сұхбат берген Тұздыбастау ауылының тұрғыны жергілікті әкімнен соққы алғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, 2 жыл бұрын рәсімделген жер телімі биыл қызыл сызыққа еніп кеткен. Мәселені шешпек болып шенеунікке барғанында жанжал шыққан. Ауыл әкімі, керісінше, тұрғыннан таяқ жедім деп құзырлы мекемеге арыз жазған.
Әкіммен дауласып қалған азамат 2022 жылы Тұздыбастаудан жер телімін алған. Оның сөзінше, құжат рәсімдеген кезде еш қиындық туындамаған. Тек биыл әкімдік өкілдері «сізге тиесілі жер қызыл сызықта» деген. Осы мәселемен ауыл әкіміне барып, мән-жәйды сұрамақ болғанында, екеуара жанжал шыққан.
– Есіктен шығып бара жатқанда тамақтан ұрып жіберді. Қатты тиді. Кабинеті екінші қабатта, баспалдақтан түсемін дегенше ізімнен қуалап жүріп ұрды. Денем көгеріп қалды. Бейнекамера тұр, – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Асхат Қарақұлов.
Сұхбат берген азамат «әкімдік өкілдері жердің бағасын арзандату үшін осындай қадамға баруы мүмкін» дейді. Өйткені жанжал болмай тұрып, олар саудаласып кеткен, көршілері де растап отыр.
– Асхатты машинаға отырғызып, 2 бала алып кетті. «Сенің атың Дидар, әкімдікте істейсің?» дедім. «Сен аузыңды жап» деді. Мен кетіп қалдым, – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Гүлназ Гаитова.
Ақ-қарасын анықтамақ болып, әкімдік ғимаратына да бас сұқтық. Басшы орнында болмай шықты. Орынбасарлары істің анық-қанығын білмейміз деп, сұхбат беруден бас тартпақ болды. Бір қызығы, сол күнгі жағдай бейнекамераларға түспей қалған.
– Біз де арыз жаздық, бұл кісі де арыз жазды. Қазір сот процесі жүріп жатыр, – деді Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары Гауһар Билібаева.
Әкіммен телефон арқылы байланысқа шықтық. Лауазым иесінің сөзінше, жанжал шыққаны рас, бірақ бірінші өзі соққы жеген.
– Сол жақ қабырғамнан ұрды. Ем қабылдап жүргенмін, қорғану мақсатында ол кісіні көкірегінен итеріп тұрдым. Мойнына қолым тиген жоқ, итергенде қолым тиген шығар, бірақ қылқындырған жоқпын, – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Толымбеков.
– Аталған дерек Талғар ауданының ПБ-да тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын зерттеуде толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін екі тараптың дәлелдеріне барлық қажетті тексеру жүргізілуде. Айта кету керек, екі азамат бір-біріне қатысты полицияға арыз берген, – деді Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Екіжақты тексеріс жүріп жатқандықтан, нақты шешімді жауапты мекеме кесіп айтпады. Бәрі тергеуден соң белгілі болмақ. Ал шағым айтқан азамат полициядан бөлек, прокуратураға да арыз жазған.
Әлібек Шынытемір, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақша жинап келген мектеп басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды