Озық технология, дамыған өндіріс. Өнімдерін бірнеше елге экспорттап жатқан зауыттар. Бүгін еңбегі еленіп, өнімі үздік болған алпауыт компаниялар «Алтын сапа» премиясымен марапатталды. Ал, жеңімпаздарға жүлдені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шара басында сөз алған Мемлекет басшысы, ең алдымен жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, біз үшін тәуелсіздіктен асқан ұғым жоқ дегенді баса жеткізді. Бұдан соң Президент индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдары елімізде 1300 жаңа өндіріс ошағы ашылғанын айтты. Экспорт көлемі 165 миллиард долларға дейін жеткен. Ал Қазақстанда жасалған өнімдер бүгін әлемнің 120 мемлекетіне экспортталуда.
«Ел экономикасы артқан сайын іргесі де берік бола түспек. Ал бұған өндіріс көлемін арттыру арқылы қол жеткіземіз. Дағдарыс кезінде индустрияландыру экономика дамуына серпін бергені анық. Сегіз жылда 85 жаңа позиция бойынша тауар өндіріп келеміз. Бұл рельстер, радиаторлар, алюминий құйындылары. Еліміз титан өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Автомобиль құрылысының көлемі болса 8 есеге артты. Егер 2010 жылы 4 мың көлік шығарылса, биыл 38 мың болып отыр», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Президент үшінші бесжылдықтағы міндеттерді атады. Осы ретте алдыңғы бесжылдықтардың кемшіліктерін ескеру керек деді. Өңделген өнімнің көлемін ұлғайту, шығарылған тауарларды технологиялық күрделендіріп, сапалы жұмыс орындарын ашу. Ал 2025 жылға қарай цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындарының санын 200-ге дейін жеткізуді міндеттеді. Нәтижесінде технологиялық дамудың «ақылды» өндіріс деңгейіне шығып, толық автоматтандыру мен роботтандыруға көшу қамтамасыз етіледі деп жеткізді.
«Бизнес өкілдеріне үлкен үміт артамыз. Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан түрлі кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға әрдайым зор мән береміз. Соның айқын көрінісі ретінде бүгін осы жылдағы индустрияландыру шараларын қорытындылап, сала үздіктерін атап өту үшін жиналдық. Біздің іскер азаматтарымыз Қазақстанды танытуға және экономикамызды өркендетуге мол үлес қосып келеді. Бүгінгі марапат сіздердің еңбектеріңізге мемлекет тарапынан берілген жоғары баға», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Бұдан соң Мемлекет басшысы жеңімпаздарды "Алтын сапа", "Парыз" және Қазақстанның үздік тауары ұлттық байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
«Парыз» сыйлығының бас жүлдесі «Еуразиялық топқа» бұйырды. Марапатты Мемлекет басшысының қолынан компания басшысы Александр Машкевич алды. Ал «Парыз» премиясының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымындағы «Алтынды» Қызылорда облысындағы «Абзал и К» компаниясы олжалады.
«Президент те, Үкімет те бізге өнімнің экспортын ұлғаютуға байланысты міндеттер жүктейді. Қалай ұлғайтуға болады? Қосылған құнды ұлғайту, жаңа тауарлар шығару, сапалы өнімдер өндіру арқылы. Біз міндеттерді атқарып жатырмыз. Жуық арада екінші кезектегі электролиз зауытын салмақпыз. Оған 1,5 миллиард доллар инвестиция құйылады», - деді Еуразиялық топ директорлар кеңесінің төрағасы Александр МАШКЕЕВИЧ.
«Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын». Дәл осы аталым бойынша Алтын сапаны Алматы қаласындағы Ауыр машина жасау зауыты иеленді. Зауыт қабырғасы сонау 1941 жылы қаланған. Кәсіпорын теміржол вагондарына және мұнайгаз саласына қажетті құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Өнімнің 60 пайызынан астамын Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және алыс-жақын шетелге экспорттайды.
«Зауыттың пайда болғанына 78 жыл болды. Қандай ғана орын алмадық совет уақытынан, Тәуелсіздік алғалы қандай орын алмадық: «Парызды» да алдық, «Үздік тауар» дегенді де алдық. «Алтын сапаны» еңбегімізді елеп берді деп санаймыз! Үмітті ақтаймыз!», - деді Алматы ауыр машина жасау зауытының бас директоры Жетпісбай ЕДІГЕНОВ
Ал, кішкентай ақтөбелік дизайнер Әйгерім Мұратқызы балаларға арнап пальто тігеді. Қазақтың ою-өрнегін кескіндеген сыртқы киімдерді қазір саудаға шығарған. 10 жасар кәсіпкер «Алтын оймақ» ұлттық байқауына қатысып, 1 миллион теңге жеңіп алды.
«Бір миллионды қайда жұмсайсын дегенде, өзімнің брендімнің қай жақта тұратынын ойлап, 800 мың теңгені қалдырып қоямын. Ал қалғанына отбасыма сыйлық сатып аламын. Пальто тігу үшін жас балалардың идеялары өте көп. Сондықтан мен ойлап тауып, пальтоларды тіккім келеді», - деді киім дизайнері Әйгерім МҰРАТҚЫЗЫ.
Шарада Қазақстанның үздік тауары республикалық байқау көрмесінің жеңімпаздары да марапатталды. Олардың қатарында Шымкенттегі тігін кәсіпорны мен Түркістан облысындағы медициналық киімдер тігетін өндіріс ошағы да бар.
Салтанат Нысанбекова, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан