Республика сарайында Тәуелсіздікке арналған мерекелік кеш өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бақытжан Сағынтав барша қала қонақтары мен тұрғындарын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтав барша қала қонақтары мен тұрғындарын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Онда шаһар басшысы бұл мереке әрбір қазақстандық үшін қастерлі де, қасиетті мереке екенін атап өтті. Керемет кеш эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бостандық пен тәуелсіздікті жүзеге асыру бар да, оны табандылықпен қорғау, нығайту, болашаққа аманаттау бар. Бүгінгі таңдағы біздің мақсатымыз – осы ең ұлы құндылықты көздің қарашығындай сақтап, мәңгілікке ұластыру болуға тиіс. Бұл – біздің тарих алдындағы жауапкершілігіміз. Рухы еркін, арманы асқақ халық қана ұлы істерді атқара алады! Сол биіктен табылған, көк байрағы желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Тәуелсіз еліміздің келешегі баянды болсын! Егеменді еліміз жасасын! Қазақстан халқы жасасын!Халқымыздың кемел келешегі мен қарқынды дамуының кепілі болған қасиетті Тәуелсіздік жасасын! Мереке құтты болсын, халайық!», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Онда қазақ эстрадасының өнерпаздары жырдан шашу шашып, әннен алқа тақты. Бұл кештің орны да, реті де бөлек. Содан болар 3 мыңнан астам көрерменді жинаған концертке тіпті Республика сарайына сыймай қалғандар да болды. Ал, қалың көпшілік тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматының ең үлкен сахнасында өткен кештен керемет көңіл күймен қайтқандарын жеткізді.

Алматы  - Тәуелсіздіктің  алтын бесігі. Дәл осында маңызды құжаттар қабылданып, тарихи шешімдер жасалған. Сондықтан Тәуелсіздік – алматылықтар ғана емес барша қазақ үшін қастерлі ұғым. Ал, бақыттың баянды болуына бүкіл ел қашанда тілекші.  

Арнат Дүйсен «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров