Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін цифрландыруды дамыту туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді алу жеңілдей түспек. Электронды құжаттардың қолданылу аясы кеңейеді және азаматтар туралы деректерді басқару жүйесі толықтырылады.
Бүгінде ХҚКО-да тұрғындарға 600-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі екен. Оның жартысынан көбі онлайн рәсімделеді дейді мамандар. Халық бұрынғыдай сабылып кезекте тұрмайды. Бума-бума қағаз ұстаудың да дәурені өтті. Осылай деген Алматы тұрғыны Таисия Маратқызы электронды үкімет порталының игілігі көп дейді.
«Мен қазір орталықтың өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында тұрмын. Мұнда электронды қолтаңба арқылы немесе ЖСН кез-келген жұмысты оңай істеуге болады. Қажет деген анықтамалар мен ресми құжаттарды алуға мүмкіндік бар. Ыңғайлы әрі тез», – деді қала тұрғыны Таисия Татарникова.
ХҚКО мамандары тұрғындардың басым бөлігі цифрлық жүйеге карантин кезінде үйренді дейді. Пандемия уақытында шектеулер күшейтіліп, көптеген қызмет онлайн жүргізілді. Бұл тұрғындар үшін ғана емес, қызметкерлер үшін де тиімді болды. Онлайн рәсімдеуге келмейтін қызмет түрлері де азайған.
«Қазіргі таңда қағаз жүзінде тапсырылатын халыққа қызмет көрсету орталығында 100-ден аса қызмет түрлері бар. Оның ішінде атап өтетін болсақ, шетелге керек апочтель документтері, жылжымайтын мүліктің төл құжаты, түп нұсқасына мөр басу үшін қағаз жүзінде тапсыруы керек», – деді Алмалы аудандық ХҚКО басшысының орынбасары Қалмырза Сейітбеков.
Президент қол қойған цифрландыруды дамыту туралы заңда бірнеше бағыт қамтылған. Ол - мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың шығынын азайту, ауылдық жерлерде байланыс сапасын арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту. Құжатқа сәйкес туу туралы, неке және тағы да басқа мемлекеттік тіркеу саласында куәліктерді электронды форматқа көшіру бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазір осы бағытта әр өңірде жұмыс атқарылып жатыр.
«Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесі іске асырылып жатыр. Ол биыл Алматы қаласының цифрландыруды дамыту жоспарына енгізілген болатын. Бейнебақылау қаланың маңызы бар стратегиялық және де әлеуметтік обьектілерін қамтиды», – деді Цифрландыру басқармасы «ақылды қала» жобаларын басқару бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Тақабаева.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы еліміздің цифрлық дамуына көңілі толмайтынын айтып, жауапты министрге ескерту жасаған еді. Енді бүгінгі қабылданған заң сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы