Жобада көрсетілген ойын алаңы мен автотұрақ салынбаған
Атырауда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үй талапқа сай болмай шықты. Қолжетімді бағадағы баспаналардың жер жарған жарнамасына қызығып, сеніп қалған жұрт жер сипап қалдық деп наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрсая ықшам ауданында салынған үйге тұрғындар 2 жыл бұрын көшіп келген. Алайда қуанышы көпке созылмады. Себебі жыл өтпей жертөледегі құбырлар жарылып, жарамсыз болып қалған. Ал әу баста жобада көрсетілген ойын алаңы мен автотұрақ атымен жоқ болып шыққан. «Бар жиған-тергенімізді осы үйге салдық» деген жұрт жауаптылар орта жолда тастаған жұмысын қайта қолға алсын деп талап қойды.
– Сапасыз салынған, тұрғын үй қолданысқа 2020 жылы берілсе, ал 2021 жылы бәрі шіріп кетті. Құбыр жарылса, жылусыз қалатынымызды айтып, ескерттік. Ойын алаңын салып, автотұрақты орнатуын талап етіп отырмыз, – деді қала тұрғыны Айлита Ғаділова.
Көпшіліктің мұңын тыңдауға мердігер мекеме өкілі келмеді, ал техникаға жауапты маманы «тұрғындардың сұрағына жауап бере алмаймын» деп ат-тонын ала қашты.
– Мен жарытып ештеңе айта алмаймын, тек техникалық жағына жауап беремін. Ал тұрғындар тарапынан әзірге ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Мені компания басшысы жіберді, қалған сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын, – деді мердігер мекеме өкілі Игорь Барабаш.
Ал әкімдіктегілер мәселемен таныс. Олардың айтуынша, бәрі заң аясында шешілуі керек.
– Азаматтық кодекске сәйкес, сот тәртібімен шешіледі. Ал екіншіден, жобадан ауытқу болатын болса, онда біздің басқармаға кәсіпкерлік кодекстің 114-бабына сәйкес, тұрғындар арыз-шағым жаза алады. Біз жоспардан тыс тағайындау жасап, тексеріс жүргіземіз, – деді облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Әсет Сембаев.
Құр уәдеге тойдық деген халық талабы орындалмаса, облыс әкімі Серік Шәпкеновтен көмек сұрайтынын айтып, тарқасты.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау