Алматыда 56 көше «Vision zero» тұжырымдамасы бойынша жөнделуде

Алматыда 56 көше «Vision zero» тұжырымдамасы бойынша жөнделуде
Аталмыш жаңашылдық алдымен жол көлік оқиғасы көп тіркелетін аумақтарға енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жөндеу толығымен аяқталған соң жүргіншілер қауіпсіздігі күшейтілмек. Жаңа аяқжол, жүргіншілер жолағы және қауіпсіздік аумағы салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамақаев көшесіндегі мектеп жанындағы жерге төселген жылдамдық бәсеңдеткіш осы шведтік бағдарлама аясында өзгертілген. Осының арқасында мектеп оқушылары жолдан қауіпсіз өте алады. Одан бөлек, жүргінші жолы кеңейе түсті. Тұрғындар да мұндай бастаманы құптап отыр.

«Балаларды қағып кеткен жағдайлар болды. Бірақ қазір бәрі жақсы. Көліктер ақырын жүреді», – деді тұрғындар.

«Мұндай шағын жиектастар керек, өйткені олай етпесе, көлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолы тұтасып кетеді. Ал ол қауіпті», – деді келесі бір тұрғын.

Жақын арада 56 көше «Vision zero» тұжырымдамасы аясында өзгертіледі. Жүргіншілер жолағы кеңейтіледі әрі жарық шамдары орнатылады әрі ақылды бағдаршамдар жасалады. Негізінен жол қозғалысының қорғалмаған аумақтарына басымдық берілмек.  

«Алматы қаласында жүргізушілер мен жүргіншілер, жалпы барлығы жолда болатын өлімге немқұрайлы қарайтын болған. Ал «вижн зеро» жобасы бұл түсінікті түбегейлі өзгертетіні сөзсіз», – дейді урбанист Әнуар ЖАНДОСОВ.

«Вижн зиро» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – жол апаты салдарынан көз жұматындар санын азайту. Швецияда ол тоқсаныншы жылдары қабылданған. 20 жылдың ішінде өлім жітім көрсеткіші екі есеге 540-тан 250-ге бір-ақ түскен. Бұл көрсеткіш күн санап өзгеруде. Содан болар Швеция көшелері әлемдегі қауіпсіз жолдардың тізімінде көш бастап тұр.

«Біз балаларымыздың жолдан қауіпсіз өткенін қалаймыз. Вижн зиро тұжырымында мектепке апарар жолдардың қауіпсіздігі басты назарда», – деді көлік саласының сарапшысы Елена ЕРЗАКОВИЧ.

Аталмыш жаңашылдық алдымен жол көлік оқиғасы көп тіркелетін аумақтарға енгізіледі. Қазір Алматыда олардың саны бесеу. Бағдарламаны енгізу арқылы қала билігі 2019 жылы жолда апатқа ұшырайтындардың санын өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға, 2020 жылы 35, ал 2021 жылға қарай 55 пайызға төмендетуді көздеп отыр.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров