Кешен неоклассикалық стильде бой көтерген
Саябақтан сән кетті! Атыраулықтар демалып, серуен құратын жер таппай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өйткені шаһардағы жалғыз «Ретро-саябақ» кешенінің астаң-кестеңі шығып жатыр. 3 млрд теңге қаржы жұмсалған демалыс орны қазір аянышты күйде. Айналасы қоқысқа толған, әткеншектер істен шыққан, гүлзарлар бүлінген. Ал жауаптылар болса, әдеттегідей «жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» дегенді алға тартады.
Саябақ шаһардың туған күніне тарту етілген. Аумағы 3 жарым мың гектар жерді алып жатыр. Кешен неоклассикалық стильде бой көтерген. Мұнда амфитеатр, көрме павильондары, тоғандар, «Дос-Мұқасан» тобына арналған сәулетті композиция орналасқан. Десе де, қазір демалыс орны аянышты күйде. Орнатылған ескерткіштері бүлініп, жарық шамдары істен шыққан. Көгалдандыру жұмыстары да көңіл көншітпейді. Бұған жергілікті тұрғындар наразылығын білдіруде.
«Осы Ретро-саябақтағы әткеншектің бұзылып жатқаны ұнамайды. Қазіргі жастар әткеншекке отырып, сырғанақтан сырғанағысы келеді», – дейді қала тұрғыны Айнұр Саматова.
«Үлкен-үлкен, алып ағаштар отырғызса жақсы болар еді. Екіншіден, әсем әуен қосылып тұрса, жастарға арналған сахна қойылса, әдемі болар еді. Қазір әкімшілік жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Осы жөндеуден кейін қарапайым халық күтіп ұстаса деймін. Қаламыздың жақсы, әдемі, көркем болуы әр тұрғынның қолында», – дейді қала тұрғыны Малика Сүлейменова.
Бұл мәселені қоғам белсендісі Асухан Назымбетов әлеуметтік желіде көтеріп жүр. Оның айтуынша, әр адам алдымен мәдениеттілікті қалыптастыру керек.
«Қазір қаланың жағдайы өте аянышты. Қалада әлі көше мәдениеті дұрыс қалыптаспаған сияқты. Сондықтан шаһар көркін, шырайын келтіретін тамаша жерлерді ұқыпты, таза ұстауымыз керек. Қазір ел шошырлық жағдайда. Мен әлеуметтік желіде де айтып, жазып жүрмін. Бұл шаһарға өз үйіміздей қарайық», – деді қоғам белсендісі Асухан Назымбетов.
Ал атқамінерлердің сөзінше, бұған дейін саябақ сенімгерлік басқаруда болған екен. Тек былтыр күзде қала әкімдігінің балансына қайтарылған. Кезінде 3 млрд теңгеге салынған саябақты енді жергілікті билік қайта қолға ала бастаған. Бүгінде демалыс орнында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ретро-саябақ» аумағы 2018 жылы сенімгерлік басқаруда болып, қараусыз қалғаны мәлім. 2022 жылдан бастап саябақтың нашарлауына байланысты сенімгерлікке алынған мекемемен келісім-шарт үзіліп, қалалық әкімдіктің теңгеріміне алынды. 2022 жылы көптеген бұзылған жерлері қалыпқа келтірілді. Бүгінгі күні саябақ аумағында бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, ішіндегі субұрқақ іске қосылып, гүлдер қалыпқа келтірілді. Қосымша талдар егілген болатын, биылғы жылы ішіндегі субұрқақты іске қосу үшін жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, жарық шамдар қалыпқа келтірілді», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмар.
Атыраулықтар бұл жазды саябақ сыртында өткізетін сыңайлы. Себебі жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны белгісіз. Жалпы шаһарда 20-ға жуық демалыс орны бар. Олардың 5-еуі жөндеуді қажет етеді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жалға алынған электрсамокаттар үшін шектеу аумағы бекітілді