53 миллион теңге қайда кетті? Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына көңілі толмай отыр. Жұмыс басталмас бұрын келісім бойынша 17 миллион жұмсалатыны айтылған. Алайда кейіннен 53 миллион теңге бөлінгенін білгенде көпшілік аң-таң болған. Себебі атқарылған жұмыс та сын көтермейді дейді. Енді кеткен қаржының есебін талап етуде. Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай мәселенің мән-жайын анықтады.
Сәтпаев көшесіндегі мына үйге 2017 жылы жөндеу жүргізілуі керек болған. Алайда араға үш жыл салып 2020 жылдың жаз айында бірақ басталған. Тұрғындардың сөзінше, алдын ала келісім жасалғанда шамамен 17 миллион шығын кететіні айтылыпты. Бірақ жұмыс аяқталғанда бұл қаражат бірден 3 есеге өсіп кеткен көрінеді.
«Мен бесінші этажда тұрамын. Бесінші этаждан тамшы ағып менің үйіме де келді. Әр уақытта ремонтын жасап отырдым. Акиматқа, технодалға звондаймын. Оларға звондасам, строительға звондаймыз дейді. Келесі күні бір жеті өткен соң келеді да қайтадан жасап кетеді жаңағы бетін жалатып. Сосын жаңағы он күннен кейін жаңбыр жауғаннан кейін жаңағы жерден қайтадан су ағады», – деді қала тұрғыны Талғат Әбішев.
«Тек қана әйнектерді ғана ауыстырды, ағаш есік қойды. Плиталар да ұнамайды. Өздеріңіз көргендей, сатылары да дұрыс емес. Әкімдіктен күзде кісілер келді, мен өзім үйден шығып сөйлестім. Олар айтты ештеңе төлемейсіздер, қол қойғанша ештеңе төлемейсіздер деді. Ал өткен айда бізге жөндеу үшін графа шығып тұр», – деді қала тұрғыны Бақыт Майлыбаева.
Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстарын мектеп оқушылары жүргізген. Сол үшін де сапа жоқ. Ал, «Өркен Қала» мекемесінің өкілі көпшіліктің шағымымен келіспейді. Оның үстіне шаруаны балалар жасағанда тұрған ештеңе жоқ дейді.
«Жас балалар істегенде тұрған ештеңе жоқ. Бізде кезінде сабақтан тыс жұмыс істеген болатынбыз. Ал, тұрғындардың шағымы орынсыз, себебі алдын ала бәрі ескертіліп айтылды. Жөндеу жұмыстары да жақсы жүргізілген. 2019 жылдан бастап шатырды жөндей бастады. Оған 15 миллион қаражат кеткен болатын. Оған республикалық бюджеттен ақша түспеді. Ал, 2020 жылы басталған жөндеу жұмыстарына републикалық бюджеттен 41 миллион ақша аударылды», – деді«Өркен қала» ЖШС тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бөлімінің басшысы Болат Түгелбаев.
Алдын ала ескертудің болғаны жалған дейді жұрт. «I-көмектен» келген смс-те түсіндіру жұмыстары 8 сәуірде болды деп көрсетілген. Бірақ бұл уақытта елімізде төтенше жағдай жарияланып, ешкім үйден шықпағанын, онымен қоса, 89 пәтердің тек 5-еуіне ғана қол қойдырылғанын айтады.
Халықтың сөзінше, бұл күрделі емес, ағымдағы жөндеу жұмысы. Мұндай қыруар қаржы жұмсалғаны атқарылған істен көрінбейді деп ашынады. 1 жыл уақыт өтпей жатып кемшіліктер көбейген. Дегенмен тұрғындар ақша төлеуден жалтарып отырған жоқ. Талаптары тек кеткен 53 миллион теңгеге сәйкес жөндеу жұмыстарының да сапалы болғанын қалайды.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» арнасы