Үлескерлер дауы: Нұр-Сұлтанда 70-тен астам үлескер үйсіз қалуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Әбден жырға айналған «Столичный 2» тұрғын үй кешені салынып бітті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда тағы да үлескерлер дауы. Әбден жырға айналған «Столичный 2» тұрғын үй кешені салынып бітті. Жуырда қолданысқа берілмек. Алайда, 100-ге жуық үлескері пәтер кілтін ала алмай жүр. Мәселенің мәнісін білген елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек жалғасын.  

Құрылысы ұзаққа, атап айтсақ, 8 жылға созылып, əбден жырға айналған тұрғын үй кешенінің айналасында тағы да дау-дамай. Аталған үйдің үлескерлері биыл тамызда қоныс тойын тойлаймыз деп еді. Бірақ пəтер кілттерін əзір ала алмайтын сияқты. Бұған олардың тұрғын үй құрылысы компаниясына мүшелікке өте алмауы кедергі келтіруде.

Үлескерлердің сөзінше, осыдан бес жыл бұрын «Столичный 2» тұрғын үй кешенінің құрылысы алақол мердігердің салдарынан тоқтап қалған. Мәселені шешу үшін 2018 жылы ынталы топпен тұрғын үй құрылыс компаниясы құрылады. Оның қатарына 150-ден астам үлескер кірген. Қалған 74-і мүшелікке өтпеді. Дау-дамай осы екі топтың арасында туындап жатыр        

Талабын үлескерлер бір-емес, бірнеше рет айттық дейді. Алайда кооператив төрайымы осы күнге дейін бірде-бір үлескер детализацияны сұрамады деп ақталды. Ал құрылысты аяқтау үшін 30 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтады.    

«Біз бұл үйді соттап алғанда бірде-бір қағаз болмады. Қағазсыз жұмыс жүрмейді.  «Жобалық-сметалық құжат» дейді, «техникалық тексеріс», «қаржылық аудит» дейді. Арасында көп балалы отбасылар, зейнеткерлер, әр түрлі адамдар әлеуметтік жағдайына қарамай тұрып, елмен қатар қосып отырды 10 мың теңгеден. Екі жылға көбейткенде 240 мың теңге болады. Біздің сұрап жатқан бизнес емес ешқандай, өз мақсатыма, қаншама ақша келеді, үйге кіреді», – деді Тұрғын-үй құрылыс кооперативінің төрайымы Жанар Дүйсенова.

Қорғаушы Жандос Тұяқовтың сөзінше, оның қорғауындағы 74 үлескердің құқығы жылдар бойы бұзылуда. Айтуынша, олар осыдан екі жыл бұрын жауапты тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасына хат жазып, мүшесі ретінде қабылдауын сұраған. Алайда бұл өтініші елеусіз қалыпты. Сол себептен былтыр Сарыарқа аудандық сотына жүгінуге мәжбүр болады.

«Бұл азаматтарды заңды күшіне енген шешімі арқылы осы 74 азаматты ЖСК-ның мүшесі ретінде қабылдайды. Енді мүшесі ретінде қабылдағаннан кейін уставқа сәйкес,  яғни жарлыққа сәйкес арыз жазады төрағасына. Бірақ төраға, былайша айтқанда, ауызша 250 мың теңге төлеңдер, әйтпесе қабылдамаймын деп айтады. Содан кейін біз әділет департаментіне адвокаттық сұраныс жіберу арқылы жиналыс аштық. Мысалы ол жерде 155 пайщик бар ғой, солардың 50 пайызы жиналды деп, 50 пайщикті мүшеліктен шығару туралы шешім шығарып тастайды», – деді қорғаушы Жандос Тұяқов.

Мәселесі көп тұрғын үй кешенін салып бітірген компания өкілдері болса, біз тек барлық жұмыстарды тәмәмдап, қолданысқа бердік дегенді алға тартады. Пәтер кілттерін кооператив өзі табыстайды деп отыр.

«Барлығы өз пәтерлерін ала алады. Бірақ басты шарт – тұрғын үй құрылыс компанясының мүшесі болуы тиіс. Себебі бізде өзара көмек шарты дәп осы тұрғын үй құрылыс кооперативімен құрылған болатын. Сол себептен де барлық кілттер мен құжаттарды «Феникс-Столичный» тұрғын үй құрылыс кооперативі беретін болады», – деді құрылыс компаниясы директорының орынбасары Жанар Әбілқасымова.

Екі тараптың өз ақиқаты бар. Десе де компания төрайымының шығынның неге кеткенін неліктен жіті тізіп бермейтіні түсініксіз жәйт. Қайткенмен де дау-дамайдың немен аяқталатыны тек уақыт еншісінде.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров