Алматыда әскери авиацияның қауқары тағы бір мәрте пысықталды. Ұшқыштардың жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған кезекті оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Оған қандай әуе кемелері қатысты? Шартты әуе ұрысының қалай жүргізілетінін өз көзімен көріп қайтқан Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен жалғасын.
Сұлтанбек Арын жасы 25-те болса да Ми-17 тікұшағының экипаж командирі лауазымында. Әуеде 350 сағат ұшқан ол әуе кемесін басқаруда әрбір қимыл маңызды екенін айтады. Жастайынан ұшқыш болуды армандаған оның ендігі мақсаты басқа. Өзге де күрделі тапсырмаларды орындай алатын тікұшақтарды тізгіндеп, эскадрилья командирі болғысы келеді.
«Бір типті басқаруымыз керек. Лауазымға жеткенде ұша аламыз. Ол кезде қиындық туғызады деп ойламаймын. Өйткені басқару жағынан тікұшақтардың барлығының басқарылуы бірдей. Техниканы оқу керек», – деді 53975 əскери бөлімінің ұшқышы, экипаж командирі Сұлтанбек Арын.
Мұндағы кез келген оқу-жаттығу алдымен осындай жиналыстан басталады. Онда ұшақтардың техникалық дайындығы мен ауа-райы айтылып, әрбір ұшқышқа жеке-жеке тапсырма беріледі. Әуе кемелерінің толықтай дайындығына көз жеткізілгеннен кейін басқару пунткі ұшуға рұқсат береді.
Оқу-жаттығу жиыны барысында пилотаждық аймақтардағы Ми-35 және Ми-17 тікұшақтарының экипаждары жұппен мен жеке құрамда ұшу элементтерін пысықтады. Ұшқыштар биіктіктерде сүңгу және төбешіктер сияқты күрделі пилотаж элементтерін орындады.
Біз дәл қазір Ми-17 тікұшағындамыз. Бұл әуе кемесін 3 ұшқыш басқарады. Ал, дәл қазір экипаж мүшелері әскери маневрларды орындауда. Бұл әуе кемесі 26 адамды және 4000 келіге дейінгі келіні тасымалдауға қауқарлы.
Сонымен 20-дан астам ұшқыш бүгінгі оқу-жаттығуға қатысты. Және олардың қасында міндетті түрде нұсқаушы отырады. Ол әуе техникасын басқарып отырған әскеридің жұмысын бағалайды. Қажет болған жағдайда кеңесін береді.
«Оқу-жаттығу жинының негізгі мақсаты – ұшқыштардың әскери дайындығын тағы бір мәрте пысықтау және әскери авиациясының жауынгерлік қабілетін арттыруға болды. Оқу-жаттығуға қатысушылар тапсырмаларды өз деңгейінде орындап шықты. Әскери дайындық жоспарлы өтті. Мұндай жаттығулар бізде аптасына 3 мәрте болып тұрады», – деді әуе базасының командирі Нұрлан Байдуллаев.
База командирінің сөзінше, осы күзде жауынгерлік тактикалық жаттығулар өтеді деп жоспарлануда. Онда ұшқыштар арнайы белгіленген нысананың көзін жоюы қажет.
Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы