2020 жылы Алматыда 900-ден астам көшеге жарық шамдары

2020 жылы Алматыда 900-ден астам көшеге жарық шамдары
Биыл 208 көшеге жарықшам орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы келесі жылы түнгі уақытта жарқырай түспек. Қала әкімдігі 2020 жылы 900-ден астам көшеге жарық шамдарын орнатуды көздеп отыр. Оның үстіне, қойылатын шамдар анағұрлым жарық үнемдейді. Тиісті басқарманың сөзінше, биылдың өзінде біраз тірлік тындырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда көшеге жарық шамдарын орнату – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, түйткіл қалаға жаңадан қосылған аудандар да қордаланған. Бүгін брифингте алғаш болып сөз алған қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы осылай деді. Мамандар жарығы жоқ көшелер мен аулаларды қағазға тізіп, жарықтандыруды мақсат етіп отыр.

«Алматы қаласы бойынша көшелердің жалпы саны 2746 екен. Оның ішінде 1500 ғана көше жарығымен қамтамасыз етілген. Қалған 1176-ы толықтай немесе жартылай қамтамасыз етілген және бұдан бөлек аулалар бар бізде. Бұл аулалардың саны 4000 мыңнан асады. Оның ішінде, қазіргі таңда 873 аула көше жарығынсыз отыр», – дейді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Қала әкімдігі биыл да біраз жұмыс тындырды. Айтуынша, іс мұнымен тоқтамайды.

«Осы жылдың өзінде қазіргі таңда 208 көше бойынша қала бойынша көше жарығымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Ол бітірілді. Бұл жерде Алатау ауданында 14 көше бітірілді. Жетісу ауданында 27 көше бітірілді. Бостандық ауданында 53 көше, Түрксіб ауданында 100 көше биыл жасалып бітті», – дейді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Алматы әкімдігі қараша айында мемлеттік сатып алу аясында келісім-шартқа қол қоймақ. Оның аясында келесі жылы 959 көшеге жарық шамдары орнатылады. Мониторинг жасаған мамандар жарықтандыру әсіресе Наурызбай, Медеу, Бостандық аудандарында жоқ екенін анықтаған. Бұдан бөлек, тас қараңғы аулалар да бар. Қазігі таңда 873-інде мүлдем жарық жоқ. Ал игі бастаманы естіген тұрғындар қуанышты екендерін жеткізді.

«Қалған көшелер әлі қараңғы.  Бізде мүлдем тас-түнек. Кешкі сағат 19.00-ден кейін көшеге шығу мүмкін емес, қап-қараңғы. Өте қауіпті. Сондықтан бізге жарықтандыру ауадай қажет», - деді бір тұрғын.

«Менің інім, сіңлім бар, қараңғы түскенде солар мектептен үйге жеткенше уайымдап бітемін», - деді келесі бірі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Сейфуллин, Рысқұлов және Райымбек даңғылдарындағы жарық шамдарын жаңалау жүріп жатыр. Олар элекр энергиясын үнемдейтінге ауыстырылады. Бұл жұмыстар осы айдың аяғында аяқталады.  

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров