Олар алимент ісі бойынша өндірушіден ешқандай ақша талап ете алмайды. Бұл заңда тайға таңба басқандай жазылған. Осының салдарынан соңғы кездері жеке сот орындаушылар алимент өндіру ісімен айналысуға құлық танытпай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, Әділет департаментіндегілер кез-келген жеке сот орындаушы өзіне келіп түскен өтініштен заң бойынша бас тартуға құқығы жоқ дейді,
Камераға өзін көрсетуден бас тартқан Айжан жалғысбасты ана. 8 жыл бұрын күйеуімен ажырасып кеткен. Содан бері екі баланы жалдамалы пәтерде жалғыз тәрбиелеп отыр. Осы күнге дейін бірнеше сот орындаушының табалдырығын тоздырғанымен алимент әлі алмаған. «Неке бұзу куәлігін алғаннан бері екі балама алимент бөліп берген, бірақ мен сот орындаушыларына барудан шаршадым. Кабинеттерін тоздырып, жыладым да, бәрібір олар жұмыс істемейді. Мен көлігіме жанармайды өзім қалтамнан құямын. Мен неге барып оның есігін тоздыруым керек», - дейді жәбірленуші Айжан.
Осы сынды бірнеше жүздеген жан алимент ала алмай келеді. Мұның себебі, жеке сот орындаушылар осы сынды істерді жүргізуден бас тарту жиілеп кеткен. Ал, Қазақстан заңнамасына сәйкес кез-келген сот орындаушы өзіне түскен істі жүргізу керек. Мұндай заңсыздықты анықтасаңыз Әділет департаментіне өтініш қалдырсаңыз болады дейді, ондағылар.
«Бізге жазған өтініштері жеке сот орындаушыларының іс әрекеттері теріс болған жағдайда біз жеке сот орындаушылар өңірлік тәртіптік комиссиясына жібереміз немесе Әділет министрлігіне лицензиясын тоқтата тұру жөнінде ұсыныс жібереміз», - деді Алматы қаласы Әділет департаменті жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Әнуар ЖЕКСЕКОВ.
Сот орындаушы алиментке қатысты істі алудан бас тартуының негізгі себебі ол өз қызметі үшін жеке тұлғадан ақы алмайды. Оны мемлекет төлейді. Бірақ, іс біткен соң ғана. Ал, олардың айтатын бір ғана сылтауы жұмыстың көптігі. Бұл тұста жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына жүгінген абзал дейді мамандар.
«Атқару құжаттарын сот орындаушыға емес өңірлік палатаға тапсырған абзал. Неге десеңіздер, ертең атқару құжатының орындалғаны қажет қой, сот оырндаушыға берген емес. Қай сот орындаушыда жұмыс күші басым, сапасын жақсарта алады. Біз сот орындаушыға жібереміз», - деді жеке сот орындаущыларының Алматы қаласы өңірлік департаменті төрағасының орынбасары Айбын ӨТЕГЕНОВ.
Енді сот орындаушыға қатысты қандай бір шағымыз болса қайда хабарласу керектігін білесіз. Ұмытпаңыз, сот орындаушы алимент ісін жүргізген кезде жеке тұлғадан ақы алмайды және істі жүргізуден бас тартуға құқығы жоқ.
Арнат Дүйсен, Ғани Калуов, «Алматы» телеарнасы