Елде жаппай тәртіпсіздік болған кезде лаңкестер Алматы халықаралық әуежайын басып алмақшы болған еді. Сол кезде айлақта жолаушыларға толы 3 ұшақ пен екі жүк әуе кемесі тұрған. Еске сала кетсек, әуежайға шабуыл 5 қаңтар күні кешкі сағат 20.00 шамасында болған еді. Сол уақытта жұмыста болған қызметкерлердің сөзінше, 50-ге жуық бұзақы әуе айлағына баса көктеп кірген. Олар 8 сағат ішінде ғимарат ішін тас-талқан етіп, көпшілікті үрейде ұстаған. Десе де, өз қызметіне адал әуежай жұмысшылары батылдық танытып, ешқандай қиындыққа дес берместен эвакуациялауды жүзеге асырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Сағат 20.00 шамасында бөтен адамдардың кіріп жатқанын байқадым. Сонда радиостанциямен хабар келді, өзіміздің ұшақпен ұшып келген жолаушыларымызды бәрін басқа жерге, қауіпсіз жерге апаруымды бұйырды», – дейді Алматы халықаралық әуежайының қызметкері Досан Тәшеков.
Осылайша, әуежай қызметкерлері тек терминал жақтан 800-ге жуық адамды қауіпсіз жерге апарған. Кейін бірден әуе бортында отырған жолаушыларды құтқара бастаған. Барлығы 3 ұшақта 200-ге жуық адам болыпты. Жүргізушілер лаңкестердің көзіне түсіп қалмас үшін жарығы өшкен 5 автобуспен 3-4 мәрте тасымалдауды жүзеге асырған. Қазіргі уақытта әуежайда күзет күшейтіліп, қауіпсіздікті қарулы әскерлер қамтамасыз етуде.
«Біз барлық адамды қауіпсіз жерге апаруға тырыстық. Әуежайда қоймалар бар. Төтенше жағдай орын алғанда біз сонда жасырынамыз. Ең бастысы, ұшақтарды бұзақылар басып ала алмады. Қызметкерлер мен жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ», – деді Алматы халықаралық әуежайының ауысым бастығы Фархат Сабитов.