Күйеуімнің аяғын кесіп тастауы мүмкін: көпбалалы ана көптен көмек сұрайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қант диабетімен ауыратын отағасының аяғы іріңдеп, ауруханаға түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Күйеуімнің аяғын тізеге дейін кесіп тастай ма деп қорқамын». Осылай деп мұңын шаққан көпбалалы ана қиын жағдайда қалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Әйгерім Жайдаринова – алты құрсақ көтерген ана. Жұбайы Берікпен отбасы құрғанына 17 жыл болған. Бірақ биыл қант диабетімен ауыратын күйеуінің аяғы іріңдеп, ауруханаға түскен. Ол «күнімізді әрең көріп отырғанда күйеуімнің осындай хәлге түскені есеңгіретіп тастады» дейді. Себебі отағасы 2 күн күзетші, 1 күн такси жүргізушісі болып нәпақа тауып жүрген.

– Үшінші операцияны алдыңғы күні жасады. Ірің кетпесе, тізеден кесуі мүмкін. Жазылып кетсе екен деп тілеп отырмын. Жолдасым ауырғалы қиналдым. Ол кісінің арқасында қиындықты білмеппіз, – деді көпбалалы ана Әйгерім Жайдаринова.

Берік Самадиев жатқан аурухана бөліміне кіру мүмкін емес. Үйдегі балалардың үлкені колледжде 1-курс оқыса, кішкентайы әлі жасқа толмаған. Ал  4 жыл бұрын үйдегі қыздардың үлкенін күйік шалған. 11 жастағы жеткіншекке де күтім қажет. Пеш жағып отырған отбасына биыл аудан әкімдігінің өкілдері «газ кіргізіп береміз» деп уәде беріпті.

– Берік бауырымызбен 15-20 жылдан бері көршіміз. Аяғы асқынып, іріңдеп кеткен. Ауыл жігіттері көмектестік.  Бірақ шағын ауыл, жиған қаржы жетпей тұр, – деді көршісі Қайрат Ырғымбай.

Жөндеу жұмыстары аяқталмаған үйде газдан бөлек мәселе аз емес. Еден төселіп бітпеген, қабырғасы дымқыл тартып тұр. Дегенмен отбасы қиын сәтте жақсылықты көршілерден көрген. Іргелес тұрған үйлер бүгінде дейін азды-көпті көмек етіп келіпті.

Үйдің жалғыз асыраушысы қазір қажетті емді алып отыр. Бірақ тезірек аяққа тұруы үшін ақылы аппараттың көмегі керек. Балаларға алатын кішігірім жәрдемақы күнделікті қажеттіліктен артылмай отыр деп мұңын шақты ана көпшіліктен көмек сұрайды.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді

Новости партнеров