Әкімдік өкілдері мәселеден бейхабар
«Кез келген уақытта жарылып, өрт шығуы мүмкін». Алматы облысында Бесағаш ауылының тұрғындары қақаған қыста электр қуаты мен тіршілік нәрін көрмей күн кешіп жатыр. Тозығы жеткен трансформаторда бірнеше мәрте апат болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдімекеннің тұрғындары тұрмыс-тіршіліктің көзі жарық пен суға зар болып отыр. Жиі өшетін тоқ түрлі техниканы істен шығарып, халықты шығынға әбден батырған.
– Емханада да, мектепте де су жоқ, Мәселе айтылады, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Тастан Бекболатов
Ауылдың Лермонтов көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейінгі аралықта жүзден аса үй мен 15 жеке мекеме орналасқан. Ал тозығы жеткен трансформатор күш түскен сайын тұралап, бір жылда бірнеше рет жанып кеткен.
– Трансформаторға колледжді, мәдениет үйін қосты. Содан бері жарық өше береді. Электр қуаты жоқ болған соң, жылу да, су да болмайды, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Сабденова.
– Тарс ете қалды да, кабельдің бәрі жанды. Көршілер жабылып жүріп өшірдік. Трансформатор қауіпті, себебі газ құбыры жанынан өтіп жатыр. Газ жарылуы мүмкін, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айбаз Мейірбеков.
Токқа тәуелді болып, қолайсыз жағдайда өмір сүріп келген халықтың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Алайда әкімдік өкілдері мәселеден мүлдем бейхабар.
– Алдымен мәселенің неден туындап жатқанын біліп, тексеруге уақыт керек. Біз бұл жайтты АЖК-мен бірлесіп шешетін боламыз. Олардың есебін тыңдап, алдағы аптада жиын ұйымдастырып, жазбаша жауап береміз. Қазіргі таңда айтарым, трансформаторға млшерінен артық күш салынып жатқан жоқ, – деді Талғар ауданы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Тимур Ысқақов.
Халықтың наразылығын тыңдауға келген құзырлылар тұщымды жауап қайтара алмады. Жауап түгілі, қауіпсіздік шараларын ескермей, трансформатордың маңын қоршап, қауіпті электр сымдарын жинап қоюдан бас тартты.
– Бұл жабық қосалқы станция болып есептеледі. Қоршалуға міндетті емес, – деді Талғар электр тораптар тарату бөлімінің бас инжинері Айбар Әліп.
Ал тұрғындар билік өкілдерінен араша сұрап, мәселенің тезірек шешіліуін талап етіп отыр.
Әйкерім Пернебек, Жақсылык Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылып, шатыры тесілген: Петропавл тұрғындары жылуға зәру