Петропавлдағы су жаңа тұрғын үйлер қытымыр қыста жылусыз қалды. Аязда бүрсең қаққан 200-ге жуық отбасы бұл олқылыққа мердігерлердің салғырттығын кіналайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламамен берілген баспананың 3 жылға жетер-жетпес уақытта қабырғасы жарылып, шатыры тесіліп, су құбырынан ақау шыққан. Бүгінде сапасы сын көтермейді. Ал жауаптылар ағаттығын түзеуге асықпайтын көрінеді
Петропавл тұрғыны Анар Әбдірахманова 2 бөлмелі пәтерді мемлекеттік бағдарламамен алған. Алайда сол кездегі қуаныш бүгінде су сепкендей басылған. Себебі баспана суық, жылытқыш пешсіз тұру мүмкін емес. Ыстық су да бірде болса, бірде болмайды.
– Үйді жылыту үшін қосылған пеш электр тогын көп тартады. Қыруар қаражат төлейміз. Апат салдарынан 3-4 күндей мүлдем жылу да, ыстық су да болмады, – деді қала тұрғыны Анар Әбдірахманова.
Жылудан бөлек, үйдің қабырғасында жарықтар пайда болған. Екінші жыл тұрып жатқан Михаилдің айтуынша, жалпы баспана жөнді қапталмаған. Сапасы сын көтермегендіктен пәтерде жөндеу бастауға тәуекел еткісі келмейді.
– Көп жерде жарық бар. Бір жерде ақау шықса, екінші бір жағы бүлініп жатыр. Сондықтан жөндеу жасауға асықпаймын. Шатыр да тесіліп, су тама бастады. Биыл өз күшіммен жамап шықтым. Бірталай жұмысты өзіміз істедік, – деді қала тұрғыны Михаил Милютин.
Жауаптылардан кеткен қатені тұрғындардың түзеуге шамасы жоқ. Сондықтан олар жергілікті шенеуніктерге үміт артады.
– Үйді түгел қарап шықтым. Шешілуі тиіс мәселе көп. Техникалық тексеріс жасалғаны жөн болған. Жауаптыларға олқылықты реттеп, сапалы жұмыс істеуді тапсырамын, – деді СҚО-ның әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкімдіктегілердің болжауынша, құрылыс кезінде мердігерлердің жиі ауысуы осындай мәселеге әкеліп отыр. Шенеуніктер түйткілді жазда шешуді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, аталған тұрғын үйді салуға кезінде 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Оразай Нұртайұлы, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Каспий теңізі жағалауындағы жартас құлады