Қылмыскерлер 18 жастағы қарусыз сарбазды көпірден лақтырып жіберген

22.02.2022 в 00:44

Жаппай тәртіпсіздікке қатысты ұсталғандар көбіне ұрлық фактісімен істі болды

Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандар көбіне ұрлық фактісімен істі болды. Осылай деген Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов 107 күдіктінің қылмыстық істері айыптау актілерімен аяқталғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ішкі істер органдары тергеушілері тарапынан қаңтар оқиғалары бойынша 107 күдіктіге қатысты (88 қылмыстық іс) қылмыстық істер айыптау актілерімен аяқталды. Бұл істердің де негізгі бөлігін ұрлықтар – 65, қаруды заңсыз сақтау фактілері – 11, оларды ұрлау – 7 және өзге қылмыстар құрайды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Сонымен қатар қаңтар оқиғасы бойынша соттың санкциясымен 469 адам қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты. Оның айтуынша, жеке басын, жасалған қылмыстағы рөлін, тергеуге жәрдемдесуді ескере отырып, 128 күдіктіге қатысты қамауда ұстау – ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге және жеке кепілгерлікке ауыстырылған. Ол сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыскерлер 18 жастағы қарусыз сарбазды көпірден лақтырып жіберуге дейін барғанын айтты.  

«Бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыс тұрақты жүргізіледі. Бұл ретте зардап шеккен және залал келтірілген қылмыстарға белсенді қатысушылар үшін ең қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады. Мысалы Өскемен қаласындағы жаппай тәртіпсіздік барысында азамат К. және Р. есімді тұрғын сөз байласып, автокөлікпен Республика алаңына көлік дөңгелектерін апарды. Оларды тәртіпсіздікке қатысушылар мемлекеттік мүлікті өртеу үшін пайдаланған. Бұдан әрі азамат К. «ВАЗ-2121» маркалы полиция автокөлігін өртеп, 5 млн теңге көлемінде залал келтірген», - деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.