Қаңтарда қаза тапқан офицердің анасы: 40 күннен кейін сәбиі дүниеге келді

22.02.2022 01:32

Қаңтардағы дүрбелеңде 3037 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі түрлі дене жарақатын алды

Almaty.tv

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан аға офицер Жандос Жағалбаевтың әулеті марқұмның қырқын берді. Қайғыдан қан жұтқан анасы жалғыз ұлының мерт болғанына сенбейді. 27 жастағы Жандостың артында күні кеше дүниеге келген қызы мен 8 ай бұрын ғана отасқан жары қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бауыр еті баласынан айырылған ананың қаза тапқан жалғыз ұлын еске алып, жоқтау айтқаннан басқа амалы жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға офицері Жандос Жағалбаев қаңтардың 6-ы оққа ұшып, мерт болған. Анасы соңғы рет телефон арқылы тілдескен. Кейін, 7 қаңтарда ұлының мерт болғаны туралы суық хабарды естіген.

«Әлі де сене алмаймыз. Келетін сияқты. Тосамыз. Баламыз қаза болғаннан кейін, тура 40 күн өткенде, кішкентай нәрестеміз дүниеге келді. 16 ақпанда Жандосқызы Рәбиға дүниеге келді», - дейді Ж. Жағалбаевтың анасы Маржан Жағалбаева.

27 жасында мерт болған Жандос тұңғышының дүниеге келуін асыға күтіпті. Жекеменшік пәтер алып, қызының өз үйінде өскенін армандаған. Алайда сол мақсатына жете алмай кетті.

Ал алматылық полиция қызметкері Арман Байысбаев, қаңтардың 4-нен 5-іне қараған түні Сейфуллин – Тимирязев көшесіне шұғыл жетіп, тәртіпсіздікті тоқтатпақ болған. Алайда басу айтқанға көнбегендер оны әріптестерімен бірге соққының астына алып, басын жарып, қабырғасын сындырған.

«Сол жерде өлдім деп ойладым. Аямады. Содан кейін бір кісі «Ұрмаңдар» деп шетке алып шығып, «Кетіп қал, әйтпесе, өлтіремін» деді. Бізде қару жоқ болды. Тек қалқан мен каска ғана болды. Басқа ештеңе болмады. Негізі, қарапайым халыққа қару қолданбаймыз. Бізде қару болған жоқ», - деді Алматы қалалық ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Арман Байысбаев.

Қаңтар айының басында болған дүрбелеңде 3037 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі түрлі дене жарақатын алды. Соңғы мәліметте Ішкі істер органдарының 8 қызметкері қаза тапқаны айтылды. Бүгінде 107 тәртіп сақшысы емделіп жатыр.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы