Нұрлан Нығматулин лаңкестерден қорғалмаған әлеуметтік нысандар туралы мәлімдеді

пресс-служба мажилиса парламента РК
пресс-служба мажилиса парламента РК
Бұл – негізінен мектептер мен мәдени ошақтар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар 10 мың нысанның 35 пайызы террористік актілерден қорғалмаған. Бұл – негізінен  мектептер мен мәдени ошақтар. Мұндай мәліметті Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бұдан бөлек, елімізде терроризмді қаржыландыруға қарсы қолға алынатын іс-қимылдар сөз болды. Мәселен, қылмыстық жолмен алынған кірістер мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы заң әзірленбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі нысандарды лаңкестерден қорғаудың тетіктерін жетілдіру мәселесі талқыланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті антитеррористік орталықтың берген мәліметі Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ашуын келтірді. Еліміздегі 4000-ға жуық әлеуметтік нысан лаңкестік актілерден қорғалмаған болып шықты. Қорқыныштысы, бұлардың қатарында білім ошақтары көп.

«35 пайыз! 10 мың нысанның 35 пайызы дегеніміз - 3500-ден астам нысан. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары террористік актілерден қорғалмаған. Депутаттың айтуынша, қаржыландыру жеткіліксіз. Әлихан Асханұлы, бұған не дейсіз?», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов қаржыландыру жеткілікті екенін алға тартты. Бар гәп әкімшілерде деп жеткізді.

«Әкімшілер жұмысы дұрыс жүрмей жатқанда қаржыландыру жеткіліксіз деп шығады. Бірақ олар жұмыстағы басымдықтарды өздері таңдайды. Қандай бағытқа қанша қаржы керектігін өздері белгілейді. Себебі өз саласы бойынша құзыретті. Біз қаржы министрлігі ретінде тек негізсіз шығын болмауын қамтамасыз етеміз. Ал қаржыландыруды бюджеттік тапсырыстар бойынша жүргіземіз», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Алайда, министрдің бұл жауабы Нұрлан Нығматулинді қанағаттандырмады. Ол қаржыландыру бола тұра жауапкершілікті түсінбеген мемлекеттік орган жетекшісін шақырып, сілкіп алу керек дегенді алға тартты.

«Әлихан Асханұлы, бұл жерде сіз қаржы министрі емес, вице-премьер ретінде жұмыс істеу керексіз! Әкімдіктер үкіметтен бөлек емес, әсіресе қаржыландыру мәселесіне келгенде. Әріптестермен жиналып айту қажет. "Сенде 20 мектеп, оның ешбіреуінде камера жоқ, лаңкестікке қарсы ешқандай шара қолданылмаған" деп айту керек. Мәдениет нысандары бойынша дәл солай. Ал кімнің меншігінде екені бөлек сауал. Ертең жарылса, бізге кімнің меншігінде екені бәрібір болады. Сондықтан Әлихан Асханұлы, сіздің жауабыңыз қабылданбайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Бұдан бөлек, отырыста діни меценаттар бақыланатыны айтылды. Қазақстандағы діни қайырымдылық ұйымдары терроризмді қаржыландыру қатеріне ұшырауға әлдеқайда басым деген мәселе көтерілді. Сондықтан коммерциялық емес ұйымдардың барлық төлемдері мен аударымдарын қаржы бақылау субъектілері арқылы жүзеге асыру, есеп жүргізу талаптарын енгізу көзделген. Ал барлық қаржылай операциялар бойынша мағлұмат бес жыл бойы сақталуы тиіс.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан

Новости партнеров