Тоқаевтың өкілдері Алматы көпір құрылысы зауытының ұжымымен кездесті

01.06.2019 00:44

Қазақстандық өнім экспортқа бағытталуы тиіс. Бүгін Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының өкілдері Алматы көпір құрылымы зауытының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Республикалық қоғамдық штабының мүшесі Мұхтар Құл-Мұхамед бастаған делегация 9 маусым күні бір халық болып өз таңдауын жасауға шақырды. Үгіт-насихат тобы дәстүрден озбай кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, отандық тауар әлеуетін көтеру кәсіпкерлікті қолдаудан басталатынын түсіндірді.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Алматы көпір құрылымы зауыты қазіргі таңда бес жүзден астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Өндірген өнімдері ішкі нарықтың ғана емес, ТМД елдерінің сұранысына ие.

«Үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлының платформасымен толықтай танысып шықтық. Ол кісі Елбасының бастаған жұмыстарын жалғастырмақ ниетте. Яғни, сабақтастықты негізге алады. Бүгінде біздің компания республиканың транспорт стратегиясына қатысуда. Барлығымыз білеміз, ел көлемінде жол айрықтары, көп деңгейлі көпірлер салынып жатыр. Біздың өнімдер халықаралық талаптарға сай келеді. Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысына белсенді қатысып жатқанымыз бізді қуантады», – деді «Алматы көпір құрылымдарын жасау зауыты» АҚ директоры Шухрад ШАРДИНОВ.

«Еліміз бен қаламызды жедел дамыту аясында әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық шарттардың барлығы адамдардың көңілінен шығуда. Кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты мақсаты – Елбасының осыған дейінгі бағыттарын бұлшынды жұмыс істеу», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ғани ТӘЖИЕВ.