59 орындық қоғамдық көлікте билет құны - 1500 теңге
Алматыда қос қабатты туристік автобус жолға шықпақ. Жолаушыларды ол шілдеден бастап тасымалдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ашық аспан астындағы саяхат барысында қаланың көрікті жерлері көрсетіледі. Бір автобус 59 жолаушыға дейін тасымалдай алады.
Иманғали Сансызбай бірнеше тілде еркін сөйлейді. Болашақта гид болып жұмыс істегісі келеді. Қазір мың бояулы Алматы тарихымен етене танысу үстінде жүрген ол бүгін алғаш рет қос қабатты туристік автобуста жолаушыларға өзінің қала туралы білетін ақпаратымен бөлісті. Ашық аспан астында серуендеуді қалайтындар жаңа қоғамдық көлікпен шілде айынан бастап қатынай алады.
«Арнайы гид тарту керек емес. Аудио гид болады. Автобуста әр бағыт бойынша қаланың көрнекті жерлерін айтатын аудио гид орналастырылған. Яғни шет елден келген турист өзіне қажетті тілде Алматының көрнекті жерлері туралы ақпарат ала алады», – дейді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан БІРБАЕВ.
Туристік автобус Республика алаңынан бастап, Тұңғыш Президент саябағы, Оқушылар сарайына дейін барып, кері қайтады. 59 орындық қоғамдық көлікте жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Билет құны - 1500 теңге. Зейнеткерлер, студенттер және оқушыларға жеңілдік бар, яғни, олар 800 теңге төлейді. Ал, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге тіпті бұл автобуста жүру тегін.
Қос қабатты туристік автобуста қаланың көрнекті жерлеріне өзгеше көзқараспен қарап, керемет әсерге бөленуге болады. Одан бөлек, бұл жерде ашық аспан астында керемет саяхаттауға мүмкіндік бар.
«Осындай автобустың біздің Қазақстанға, Алматыға келгеніне өте қуаныштымыз. Өйткені Еуропа мемлекеттері осындай автобустарды мақтан тұтады», – дейді жолаушылардың бірі.
Жалпы, жолаушылардың барлығы мұндай көліктен алған әсерлерінің өте керемет екенін, қалаға жоғарыдан қарап отыру теңдессіз сезім екенін алға тартуда.
Мұндай автобустар Лондон, Гонконг елдерінде жолаушыларды тасымалдайды. Әзірге қалада оның біреуі ғана бар. Алайда алдағы уақытта олардың саны үшеуге жететін көрінеді.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы