Қартайған шағында қара жұмысқа жегіліп ақша табуға мәжбүр
Адам ретінде бар, азамат ретінде жоқ. Алматы облысындағы қария жеке куәлік алмағаны үшін зейнетақыдан қағылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түргендегі Болат атаның жасы биыл 65-тен асты. Жалғыз баласы мен жары жырақта болған соң, қария отынын өзі жарып, көмірін тасып өлместің күнін көріп жатыр. Құжаты болмаған соң зейнетке де шыға алмай отыр.
– Жеке куәлігім жоқ, мені қалай зейнетке шығарады? Негізі еңбек кітапшам, басқа құжаттарым бар, жұмыс өтілім де жетеді. Тек куәлік ұстап тұр. Мен мына дүниеде адам ретінде бармын, бірақ еш жерде тізімде жоқпын, – дейді Түрген ауылының тұрғыны Болат Құлатаев.
Қария осы ауылда дүниеге келіп, осы жерде өскен. Мектепте де оқып, мамандық та игерген. Өкінішке қарай, 2014 жылы үйі өртеніп, білімін ғана емес, жеке басын растайтын құнды қағаздың бәрі жанып кетіпті. Ал оны қалпына келтіретін кезде біраз қиындыққа тап болған. Оның дүниеге келгенін растайтын дерек тізімнен де, мұрағаттан да табылмаған.
– Болатбек деген ағам болған. Ол кісіні мен көрмегенмін, 8 айлығында қайтыс болған. Сол тізімде Болатбек шығады, мен шықпаймын, – дейді Болат Құлатаев.
Зейнетақы түспеген соң ол қартайған шағында қара жұмысқа жегіліп ақша табуға мәжбүр. Тракторшы болып жұмыс істейді. Бірақ ол да тұрақты күнкөріс емес. Қажет кезде ғана шақыратын көрінеді.
Қарт баспанасыз қалғанда қол ұшын беріп, үйін қолдан келгенше ретке келтірген көршілер Болат атаның денсаулығы да нашарлағанын айтты. Жасы келген соң жұмысқа ешкім алмайды. Ақсақал сайлауда да дауыс бере алмайды. Оған айыппұл салу да мүмкін емес. Ал жергілікті әкімдік мәселені біледі, алайда кейбір қағаздың жетпеуі қолбайлау болғанын алға тарты.
– Туу туралы куәлігіне келген кезде тоқтап қалды. Барлық қалған құжатты дайындап бердік. Ақсақалдар алқасынан бұл кісінің осы жердің тумасы екенін, еш жерден көшіп келмегенін растап алдық. Бірақ көші-қонға келгенде тоқтап қалды. Сол құжат бізді ұстап тұр. Сол себепті құжатын жасай алмай отыр, – деді Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айгүл Шайбекова.
Қарияға кезінде құжатын ауыстырмағаны үшін айыппұл төлетуі мүмкін екенін айттық. Ақсақал оған дайынмын деді. Құжатқа деп арнайы жинаған аз-маз қаражаты бар екен. Болат Құлатаевтың келесі халық санағында азамат ретінде тізімге енсем деген арманы бар. Жеке куәлігін алса, зейнетақы мәселесі де шешіледі.
Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Апат салдарына кім жауапты: далада қалған тұрғындар пәтер жалдауға мәжбүр