Қазақстанның 11 қаласында «Ашық аспан» режимі енгізілді

Қазақстанның 11 қаласында «Ашық аспан» режимі енгізілді
Осының арқасында авиабилеттер құны төмендеп, әуе көлігі қалың бұқараға қолжетімді бола түспек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Көкшетау, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында «ашық аспан» режимі енгізілді. Ол рейстердің саны бойынша шектеулерді алып тастап, қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға 5-дәрежелі «ауа еркіндігін» ұсынуды көздейді», - дейді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы  Салтанат ТОМПИЕВА.

Азаматтық авиация комитетінде режимнің жұмыс істеу ұзақтығы үш жыл деп отыр. Ол шетелдік тасымалдаушыларды тартып, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, бәсекелестікті арттыруға септігін тигізеді. Осының арқасында авиабилеттер құны төмендеп, әуе көлігі қалың бұқараға қолжетімді бола түспек. Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұшақ билетінің қымбат екенін айтып, сынға алған. Сол кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл мәселенің реттелетіне уәде берген еді.

«Біз Оман мемлекетімен келіссөздер жүргізіп үлгердік. SalamAir Қазақстанға ұшу рейстерін ашуды келер жылдың жазына жоспарлап отыр. Сондай-ақ AirAsia малайзиялық компаниясымен келісім жүргізіп жатырмыз. LOT  поляк әуекомпаниясы да келер жылдан бастап Нұр-Сұлтанға рейстерін күн сайын ұшыруды жоспарлауда. Бұдан бөлек, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөздер жүргізбекпіз», - деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы  Салтанат ТОМПИЕВА.

Новости партнеров