Оқушылардың сөмкесі жеңілдейді: Бас мұғалім оқулықтар мәселесін өз қолына алды

09.08.2019 00:45

1 мен 10 сынып оқушыларына арналған оқулықтардың электрондық нұсқасы жасалады деді министр

«Ағылшын  тілі», «Әдебиет», «Физика» және «География» пәндерінің оқулықтарында қате бар. Мұны оқу жылы басталмай тұрып бастан аяқ тексеріп шыққан еліміздің бас мұғалімі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулықтарды басу жұмысы тәмамдалып қалды дейді. Олардың 40 пайызы өңірлерге жеткізіліп үлгерген. Ал, бұдан былай  оқушылардың сөмкесі жеңілдей түспек екен. Себебі 1 мен 10 сынып оқушыларына арналған оқулықтардың электрондық нұсқасы жасалады деді министр.

«Оқулықтардың сапасы – жүйелі проблема. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Десек те, бүгінде сол тұрғыда жеткілікті жұмыс жасап жатырмыз ба, әлде жоқ па деген сұрақтар әрине туындайды. Сондықтан биыл әдейі оқулықтарды алдын ала сұратып алып, оқып шықтым. Ішіндегі қателерін тексердім.  Біраз проблемалар бар екен», – деді  ҚР Білім және ғылым министрі  Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.