Электр самокатына қатысты заң күшіне енгелі бір айда Алматыды 700-ден астам адам жауапқа тартылды. Оның бір бөлігіне айыппұл салса, жартысына ескерту берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Самокат мінгендер үшін өзгерген заң 30 тамызда күшіне енген. Ол жайлы құзырлы органның өзі де, бұқаралық ақпарат құралдары да хабарлады. Бірақ көпшілік заңнан бейхабар, сондықтан оны сақтап жатқан жоқ. Жол сақшылары өткізген рейд кезінде, кейбір азамат полицияны көре тұра ережені өрескел бұзды. Полияция оларды бірден ұстап, хаттама толтырды.
Заңға сәйкес, самокатпен жүк тасымалдауға болмайды. Екі адам мінуге де тыйым салынған. Заң сақтамағандарды анықтау үшін алып шаһарды айналудың қажеті де болмады. Абай даңғылындағы жүргіншілер жолынан-ақ біраз адам ұсталды.
Жылдамдықты бекітілген межеден асырғандар да, кәмелет жасына толмағандар да анықталды. Жаяулар арасында «желмен» жарысқандар бірден айыппұл арқалады. Ал 18-ге толмағандардың ата-анасы шақырылып, жауапкершілікке тартылды.
– Жеке құрам, полк қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, мамандандырылған батальон іс-шараны әрқашан жүргізеді. Бұл жұмыс тоқтамайды, – деді Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев
Құзырлы орган дерегінше, биыл Алматыда самокаттың қатысуымен 25 жол апаты тіркелген. Салдарынан 2 адам көз жұмған. 27 азамат зардап шеккен.
Самокат мінген 13 жастағы баланы жүк көлігі қағып кеткенін еске салайық. Алған жарақаты салдарынан балиғат жасына енді жеткен жасөспірім оқиға орнында жан тәсілім етті. Полиция бұл деректі қылмыстық іс ретінде тіркеді. Сараптама тағайындады.
Айта кетейік, самокаттарға қатысты заң күшіне енгелі Алматыда 1 айда 700-ден астам адам жауапқа тартылып, 350 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.
Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Биыл мопедтердің қатысуымен 292 жол-көлік оқиғасы тіркелді