|
18.07.2019 | 19:45
6476

«Шетсіз қала»: Алматы маңайы толық жарықтандырылады

Алматы қаласы аулаларының 52, ал көшелерінің 26 пайызында жарық жоқ

«Шетсіз қала»: Алматы маңайы толық жарықтандырылады

2021 жылдың аяғына дейін Алматы аумағына кірген барлық аймақтар толықтай жарықтандырылады. Қазір бұрын мүлдем шам орнатылмаған көшелер мен аудандар жедел саналып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шетсіз қала» концепциясы бойынша қолға алынған бұл бастама Алматы шекарасындағы барлық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

«Менің күнделікті жұмысым осы. Қызым қазір жұмыстан келеді. Тас қараңғы. Жол жоқ, свет жоқ. Карьерде ызғып жатқан КАМАЗ-дардың арасымен барып қызымды қарсы аламын. Күтіп алмасам, дала қараңғы, жарық жоқ, ит көп», – дейді Наурызбай ауданы Ақжар ықшам ауданының тұрғыны Айгүл.

Алматы облысынан қала аумағына кірген бұл елдімекенде бұған дейін шам мүлде болмаған.

«Көшеде қазір ешқандай жарық жоқ. Тас қараңғы көшеде иттер де өріп жүреді. Бала-шаға мектептен қас қарая келеді. Туыстар келсе де үйді таба алмайды. Жол да шұңқыр-шұңқыр», – дейді ауыл тұрғыны.

«Қараңғыда жүре алмай, сүрініп-жығылып жатамыз. Қыста мұнда көктайғақ, көктемде балшық, себебі асфальт жоқ», – дейді бір тұрғын

Алматы қаласы аулаларының 52, ал көшелерінің 26 пайызында жарық жоқ. Осы ретте қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бағытты өзгертуді тапсырды. Яғни, бұдан былай бұрын жарықтандырылмаған аймақтарға, яғни, қала шетіне көбірек көңіл беріледі. Бұл Алматыны дамытудың басты қағидаты – «Шетсіз қала» тұжырымына сәйкес келеді.

Бүгінде Әуезов, Наурызбай, Жетісу, Медеу ауданындағы 121 көшеге шам орнату жұмысы аяқталуға жақын. Жетісу, Түрксіб, Бостандық және Алатау ауданыдағы 208 көшені жарықтандыру бойынша мердігер компанияларды тарту жүріп жатыр.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша, «Шетсіз қала» тұжырымдамасының аясында 8 ауданында жарықтандырылмаған көшелер мен аулаларды санау басталды. Ол жобалық сметалық құжат пен істелетін жұмыс көлемін анықтау үшін керек. 2021 жылдың аяғына дейін қала аумағына қосылған аудандар толықтай жарықтандырылады», – деді Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Санжар АЛИН.

Жауапты мекеме қызметкерлерінің айтуынша, көшелер мен аулаларды жарықтандыру сол аумақтың инфрақұрылымын дамытып, қылмыс деңгейін де төмендетеді.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир