Келісімшарт бойынша баспана 2019 жылы желтоқсан айында берілуі керек еді
Жеке құрылыс компаниясынан пәтер сатып алған Ақтөбе тұрғындары үйлеріне 3 жылдан бері кіре алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келісімшарт бойынша баспаналарының кілтін 2019 жылы желтоқсан айында алуы керек еді. Үй салынып бітті. Алайда өмір сүру мүмкін емес. Себебі ғимарат орталық желілерге қосылмаған. Жалдамалы пәтерді паналаудан мезі болған тұрғындар әкімдікке де, прокуратураға да арызданған.
«Тұрғындар бұрынғы үйін сатып, осы үйге ақшаларын төлеп тастаған. Енді үш, төрт жылдан бері пәтер жалдап жүр. Кәріз жүйесі іске қосылса, кіреміз», – деді қала тұрғыны Майра Жапар.
«Электр жарығы жоқ. Орталық желіге қосылмаған. Пәтерге жөндеу жұмысын жүргізейік десек, салқын. Әжетхана жоқ, кәріз құбырына қосылмаған», – деді қала тұрғыны Рамазан Есқайыров.
Төрт қабатты «Қайнар» тұрғын үй кешенінде 48 пәтер бар.Тұрғындардың айтуынша,құрылыс сапасында сын жоқ. Үйге барлық инженерлік желіні өткізіп, техникалық құжатын беруін талап етіп отыр. Ал мердігер компания өкілі үйді уақытылы тапсыруға құрылыс материалдарының үш есе қымбат бағасын кері әсер еткенін алға тартып, ақталды.
«Жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқтаймыз. Тек құжаттарды рәсімдеу қанша уақытқа созылатыны белгісіз болып тұр. Барлық пәтер есептеліп болды. Оларды қағазға түсіру қалды. Оған 1-1,5 миллион теңгедей қажет. Қаржы мәселесі шешілді», – деді құрылыс компаниясының құрылтайшысы Виктор Масленников.