Экология министрі Серікқали Брекешов аталған мекемеге қатаң талап қойылғанын айтты
АрселорМиттал Теміртау компаниясына қомақты айыппұл салынуы мүмкін. Экология министрлігі тиісті құжат дайындап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл мекеме қоршаған ортаны ластағаны үшін осыған дейін де 3 жылда 3 миллиард теңге айыппұл арқалапты.
АрселорМиттал Теміртау компаниясына келесі жылға экологиялық рұқсат берілмеуі мүмкін. Экология министрі Серікқали Брекешов аталған мекемеге қатаң талап қойылғанын айтты. Егер ол орындалмаса, тиісті құжат берілмейді. Ал Қарағанды облысындағы шахтаның өзінде биыл жазда ғана тексеріс жүргізілген екен. Ол кезде Ленин атындағы емес, оның жанындағы цехте заң бұзылған. Араға 5 ай салып, кешегі оқиға орын алды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің айтуынша, АрселорМиттал мен Үкіметтің арасында келісімге қол қойылған. Бұл құжат көмір департаментіне жаңа техникаларды алуға мүмкіндік береді.
«Инвестплан бойынша көмір департаментіне 200 млн доллар инвестиция жұмсалады. Оның ішінде жаңа жабдық бар, осы жылы 25 жаңа комбайн келді. Компанияның жүмыс істегеніне 25 жыл болды. жатыр. Осындай көлемде шахталарға инвестиция жұмсалмаған», – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Үкімет пен АрселорМиттал арасындағы мұндай келісім алғаш рет жасалып отыр. Енді көмір департаменті толықтай модернизациядан өтетін болады. Жабдықтары жаңарып, құрылғылары ауыстырылады. Қазірдің өзінде кейбір техникалар сатып алынып жатыр, - дейді Төтенше Жағдайлар министрі.
«200 миллион доллардан астам инвестиция тартылады. Ол қаражатқа компания басшылығы мемлекеттік инспекторлар қойып отырған талаптарға сай құрылғыларын жаңартады. Мына шахталардың барлығы 1964 жылдан бастап жұмыс істеп жатқанын ескерсек, мұндай инвестициялар қажет деп есептеймін», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Кеше АрселорМиттал Теміртаудың Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 адам көз жұмған еді. Тағы төрт маман ауруханаға түсті. Оның екеуі ашық ми жарақатын алған. Жалпы оқыс оқиға кезінде 101 адам эвакуацияланды. Қазір медициналық мекемеде емделіп жатқан шахтерлердің жағдайы жақсарып келеді. Айта кетейін, қайтыс болған қызметкерлердің отбасына әу баста жасалған келісімшарт бойынша баспана беріледі. Сонымен қатар, 10 жылдық жалақы мен несиелері жабылады. Балаларының оқу ақысы да төленеді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана