Биыл өңірде 22 білім ордасы жабылады
Биыл Жетісу облысында 22 мектеп жабылады. Оның бірі – Қаратал ауданына қарасты Ұмтыл елдімекенінде. Бұл жаңалықты естігелі бері ауыл халқынан маза кеткен. Олар аймақтың болашағы мен балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халықпен кездесуге келген аудандық білім бөлімінің басшысы «нысан заманауи талапқа сай емес, спорт залы, асханасы жоқ, сондықтан мектепті жабу керек» дейді. Ол оқушыларды алдағы оқу жылынан бастап іргедегі Жаңаталап ауылында оқытуды ұсынды. Алайда бұған ата-аналар үзілді-кесілді қарсы.
– Далада ит-құс көп, естіп, уайымдаймыз. Кейде көлік бар, кейде жүрмейді, – деді Ұмтыл ауылының тұрғыны Сандуғаш Қасымова.
–Баламды жібере алмаймын. Бес балам бар, екеуі мүгедек, мектеп жабылмасын, – деді Ұмтыл ауылының тұрғыны Ақжамал Теміржанова.
Ауылдағы бастауыш мектеп 22 жыл бұрын ашылған. Қазір 15 бала оқып жатыр. Төрт мұғалім жұмыс істейді. 2020 жылы бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, нысанның есік-терезесі, едені ауыстырылып, ыстық және суық суы тартылған.
– Қазір ауылымызда жастар көбейіп келе жатыр. Мына мектеп жабылатын болса, балаларымызды қайда оқытамыз? Әр жыл сайын 7-8 баладан дүниеге келіп жатыр. Мектеп жабылып қалатын болса, көшеміз, – деді Ұмтыл ауылының тұрғыны Әсел Ырысбекова.
Бүгінде Ұмтыл ауылында 200-ге жуық тұрғын бар. Басым бөлігі – жас отбасы. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Азаматтар мектеп жабылатын болс,а ауылдың да болашағы бұлыңғыр деп алаңдаулы. Ал саладағылар білім сапасын жақсартуға ниетті. Олар балалардың ары-бері қатынап оқуына жағдай жасалатынын айтып, сендірді.
– Біз ол балалардың қауіпсіздігі үшін, жаңа автобус беріп отырмыз, кезекші мұғалім болады. Жоғарғы сынып оқушыларын тасымалданып келе жатыр. Балалардың білім сапасын жоғарлату үшін осындай қадамға барып отырмыз, – деді Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы Жандос Тенебаев.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыста 22 бастауыш мектеп жабылады. Ал білім нысандары жергілікті әкімдіктің балансына берілмек.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Әке мен бала: Алматыда спорттық сайыс өтті