Тіршілік нәрінен тарыққан тараздық тұрғындар жауапсыз әкімдерге өлең арнады

almaty.tv
almaty.tv
Тараз қаласындағы Тастақ алқабының ашынған тұрғындары редакцияға хабарласты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда 50 жылдан бері тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар редакцияға хабарласып шағымын айтты. Сөздерінше, облыс, қала  басшылығының табалдырығын тоздырғанымен, мәселені шешіп беруге қауқарсыз екен. Сондықтан бұрынғы кәріз төгетін торап жанындағы тұрғындар тыйым салынған құдықтан су ішуге мәжбүр. Тұрғындардың тоқсан түрлі толғаулы мәселесін Almaty.tv тілшісі Мерей Бает тыңдап қайтты.

Бұл – Тараз қаласындағы Тастақ алқабының ашынған тұрғындары. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт жағдай сұрар жанның болмағанын айтады. 50 жылда ел жаңарғанымен, таза ауыз суды тауып ішу мұндағы жұртқа жұтқа айналғандай. Қазір 100-ге жуық баспана, жер қазып құдық суын ішуге мәжбүр. Бірақ лай судан кейде құрт та шығады екен.

«Осы жерде 50 жыл тұрдым мен. Істеп береміз деген. Ой, барамыз, қатырамыз деген. Жоқ. Ешқандай жауап жоқ.  Бала-шағамыз бар, немереміз бар, шөбереміз бар. Құдай-ау, біз мақұл, мен 80-де болсам да, балаларымыз аман қалсын да», – деді қала тұрғыны Жаңабай Оспанов.  

Толғаулы мәселелер қатарында жарық жыры бар. Мұндағы бағаналарды тұрғындар алғаш қоныстанғанда өздері орнатқан екен. Ендігі жарамсыз күйге жеткен. Ескі трансформатор да бұл жағдайды қиындатып отыр.

Блиц: 

1) Жарық мүлдем жоқ. Ал, енді әл жел болса, бітті свет жоқ. Айналайын-ау,  қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? «Су да болады, свет те болады бәрі болады».  Ол қалай болады? Жылына бір әкім ауысып тұрады қалада. Бір-біріне сілтейді.

2)  Баяғы столбаларымызды өзіміз қойғанбыз. Солардың бәрі ескі. Жел тұрса өшіп қалады жарық. Құлап жатыр, соның бәрін ауыстырып берсін.

Сөзіміз естілмей қор болды деген қалың жұрт, текті ұрпағы сөзге тоқтар деген үмітпен өлең жолдарын да арнапты.

Ел қамын жеген ер болсаң,

Еңбек ет те, биік ұста еңсеңді.

Өз қамын жеген ез болсаң,

Қарғысына тұздық етер ел сені.

Алдамшы өмір ағынына ілессең,

О дүниеде жауап беретініңді ұмытпа!

          Жауап қайда?!

Бірақ сөз қадірін түсінер жан болса қане. Әкімдік өкілдері 5 көшенің жағдайынан хабардар екенін жеткізді. Алдағы уақытта жоба да жасылып жатқан көрінеді.

Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

–  Жобалық сметалық құаттар толығымен дайын. Ол ерде 2,5 км ұзақтықты құрайды. 26 млн теңге болады. Соны кезең-кезеңімен жасаймыз.

– Нақыт уақыты белгісіз бе?

– Нақты уақыты, енді биылғы жылғыдай жақсы қаражаттар бөлінетін болса, келер жылы жасап қаламыз.

Жауаптылар жағдай бақылауда дегенімен, шешілер мерзімді нақты айта алмады. Тек инфрақұрылым кезең кезеңімен салынады деген жауаппен шектелді. Ал, ол уақытқа дейін тастақ тұрғындары тасып, немесе қазып қойған улы суды тұтынуға мәжбүр.

Мерей Бает Мейіржан Ерболатов «Алматы» арнасы, Тараздан

Новости партнеров