|
27.07.2023 | 19:46
3094

Жағымсыз иістен уландық: Алматы облысының тұрғындары өндіріс орнын жабуды талап етіп отыр

Жергілікті биліктің айтуынша зауыт иесінің өзі бұл жерді жалға алып отыр

Жағымсыз иістен уландық: Алматы облысының тұрғындары өндіріс орнын жабуды талап етіп отыр Иллюстративное фото

Алматы облысында тұтас ауыл «жағымсыз иістен уландық» деп отыр.  Олар елдімекеннің иегінде орналасқан өндіріс орны химиялық улы газ бөлетінін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалаға іргелес жатқан Іргелі ауылдық округінде адам саны күн өте өсіп келеді. Ал осы округке қарасты Кемертоған ауылының қақ ортасында бірнеше өндіріс бар. Осындағы зауыттардың бірінен зиян шектік деген жұрт, жарты жылдан бері талабын тыңдата алмай әлек.

– Пластмассаны өртегенде  химияның иісішығады ғой, демала алмай қаламыз. Тарсылдататындары тағы бар. Әсіресе жел тұрған иіс бүкіл ауылға тарайды, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Әлімхан Алдажарова.

Сәуір айында тәуір табыс таппақ болып іске қосылған зауыттың жұмысы, жергілікті жұртты жұтындырмай тастапты. Өңештен алған улы иіс тұтас ауылды жайлап, тынышын алған.

– Алюменийдің құймаларын көрдім. Анау әкімнің орынбасары да көрді. Алтынның құймасы сияқты жинап қойған. Олар ақша жасайды, біз зейнетақымызды дәрі сатып алуға жұмысаймыз. Алма ағаштың гүлінің бәрі қурап түсіп қалды. Ол да мынадан келген түтіннің әсері, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Алмас Байелов.

Бақшасы қурап, ақшасын ауадан келген зиянды қалдықтармен күресуге жұмсаған ел, енді «зауытты жұмыс істетпейміз» деп отыр. Олардың  айтуынша, қазіргі қоршаулы тұрған орын, құжатта жәй қойма деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде үлкен өндіріс орны.

– Біз бұларға рұқсат бере алмаймыз, олар – жалға алушылар. Түнде апаратты қосыпты. Біз иесіне хабарлассақ, «Талдықорғандамыз, біз қосқан жоқпыз» дейді. Олардың басшысын шақырамыз, сөйлесеміз, – деді Іргелі ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Самат Мамұтов.  

Жергілікті жұрт зиян шектік деген зауытта қазір тірі жан жоқ. Қақпасында құлып тұр, қарекет қылып жатқан қызметкерді де көрген жоқпыз. Алайда ауыл азаматтарының айтуынша, бұл – тексерістен жалтарудың кезекті амалы.

Жергілікті биліктің айтуынша зауыт иесінің өзі бұл жерді жалға алып отыр. Негізгі бас кеңсесі Талдықорғанда орналасқан.

– Басқа жерге көшіруді ойластырып жатырмыз. Өйткені біз де жұмыс жасай алмаймыз, шағым түсе берсе, бізге де ыңғайсыз. Зауыт жұмыс істеп жатқан жоқ, – деді зауыттың өкілі Өркен Серік.

Ал әкімдік өкілдері шағым түскен шектеулі серіктестіктің иесіне қатысты тексеріс басталатынын айтты. Жуырда облыстық санитарлық бақылау басқармасы арнайы құрылғымен келіп тексеріс те жүргізіп кеткен.  

Әлібек Шынтемір, Рашиидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде әкімдіктегі шенеуніктер қоқыс шығарып жүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир