Қазір қаладағы еңбек нарығында қандай кадрлар тапшы екені белгісіз болып отыр. Сондықтан, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев салаға жауапты Әл-ауқат басқармасына екі апта ішінде жұмыс берушілер қандай мамандарға зәру екенін анықтауды тапсырды. Әкім өз сөзінде аталмыш басқарманың жұмысында шикілік барын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүргендердің мәселесін шешу – қазір ел билігінің басты назарында. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да мемлекет басшысы жұмыссыздық деңгейін азайту туралы нақты тапсырма берген еді. Осыған орай бүгін Алматы әкімі қаладағы еңбек нарығының ахуалы туралы жиын өткізді. Әуелгі сөзді алған Әл-ауқат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайран Сайфеденов қазіргі жағдайға тоқталды. Бүгінде Алматыда түрлі кәсіпорындар ашылып жатқанымен, 21 мыңнан астам жұмыс таппай жүр екен. Мұның себебі мен жұмыс берушілердің қандай мамандарға зәру екенін сұраған әкімге Сайфеденов жарытып жауап бере алмады.
«Егер бізде білікті мамандар жетіспесе, оларды көбейту үшін не істейміз? Айтыңызшы не істеуге болады?», – деп сұрады әкім Сайран Сайфеденовтен.
«Былтырғы жылы жасалған сараптама өнеркәсіп, сауда саласында 10 мыңға жуық білікті мамандар жетіспейтінін көрсетті. Мониторинг өткіздік», – деп жауап берді Әл-ауқат басқармасы басшы Сайран Сайфеденов.
Бақытжан Сағынтаев одан өнеркәсіп саласында нақты қандай маман жетіспейтінін сұрап еді, Әл-ауқат басқармасы басшысы инженерлер тапшы екенін айтты.
Қазір қалада қандай мамандық сұранысқа ие екеніне жауап бере алмаған басқарма өкілдері, есесіне жыл басынан бері 22 мыңнан жаңа жұмыс орны құрылғанын ауыз толтырып айтты. Осы тұста шаһар басшысы бұл қызмет түрлерін кім құрғанына қызығушылық танытты. Ал, жиынға тек сандармен сөйлеуге келген шенеуніктер шетінен састы. Бұған қынжылған қала әкімі еңбек нарығына жүргізілген талдаудың жоқтығын қадап айтып, Әл-ауқат басқармасын сынға алды. Әрі осы салаға жауаптыларға екі апта ішінде қаладағы еңбек нарығын зерттеп, қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екенін анықтауды тапсырды.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы