Кеген ауданында балық шаруашылығы мамандары жетіспейді

06.10.2023 00:47

Аудан орталығында 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған

Almaty.tv

Алматы облысы Кеген ауданында балық шаруашылығы мамандары жетіспейді. Сондықтан шетелден адам тартуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егіншілікпен айналысатын Кеген ауданында түйіні тарқамаған мәселе шаш етектен. Мәселен, Бестөбе су қоймасындағы балық шаруашылығына жетекші сала мамандары жетіспейді. Осылай деген жергілікті кәсіпкерлер мамандарды шетелден шақырып әлек.

Кегендегі кейінге қалдыруға келмейтін кәсіп түрі балық өнеркәсібі. Аталған аумақта жетекші өнеркәсіптің түрі болмағандықтын, бүгінгі таңда билік білек сыбана кірісіп отыр. Алайда мұнда мамандардың жетіспейтініні де басшылар айтып қалды.

– Ең бастысы, өзіміздің мамандарды даярлау. Бүгінгі күні мойындау керек мамандар жоқ болған соң, шетелдіктерді тартамыз. Қазір норвегиялық компанияның Түркиядан жіберген жұмысшылары жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта 600 тонна шығаратын балық шаруашылығының жұмысын жолға қойдық, – деді Балық өнеркәсібінің басшысы Шыңғыс Мақсұтбекұлы.

Ауылдағы ішкі және сыртқы жолдарды жөндеуге арналған техникалардың да ескі екенін ел-жұрт айтып қалды.  Көпшілік «қыс түспей, қара жолдың мәселесін біржақты ету керек» дейді. Мұнымен аудан әкімі де келіседі. Ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауда.

– Қар қалың түседі, ұзақ уақыт жатады. Техникаларды жаңарту керек. Күнделікті тазаламасақ, ары-бері қатынау қиын болады, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

– Асфальттың екінші қабатының қалыңдығы 6.5 см, тегістелгеннен кейін стандартқа сай 5.5 см болады. Жоба бойынша 3 км жолға асфальт төселіп жатыр, – деді жол жөндеумен айналысатын компанияның жұмысшысы Қайыржан Аймұғанбетов.

Кегенді көпшілік аграрлы аймақ деп те атайды. Егістікпен қоса, мал шаруашылығын да қатар алып келе жатқан халық қыс түсе қалса, соғымын сату үшін қалаға сабылады. Өйткені ауданда ет өңдейтін ірі өндіріс орындары жоқтың қасы. Сондықтан былтыр Кеген ет өңдеу зауытының құрылысы жолға қойылған еді. Қазір құрылыстың 85% аяқталды. Іске қосылса, 3 мыңға жуық шаруа қожалығының мал етін өткізіп, мемлекеттен субсидия алуына мүмкіндік туады.

– Ет өңдейтін «Кеген-Мясопром» мекемесін ашып, ет өңдейтін зауыт салып жатырмыз. Ішек, жүн, суытылған ет, консервіленген ет, шұжық сынды ет өнімдерін Кеген, Нарынқол, Ұйғыр аудандарына сату жоспарланып отыр, – деді ет өңдейтін компанияның вице-президенті Тоқтар Баймолдаев.

Ал ауданға жаңа сайланған әкім «проблеманы жасырып қалу ойымда жоқ, бәрін қоғамдық талқыға салып шешемін» деп отыр. Бірақ бәрі бір күнде шешілмейтіні анық.

– Су, жер, интернет мәселесі бар. Бірақ облыс әкімінің қолдауымен кезек-кезегімен шешіледі, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Кегендегі кезек күттірмейтін мәселенің тағы бірі – баспана. Қаладан маман тарту үшін де жағдай жасалуы керек. Бұл тұста биыл аудан орталығында 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Ал жалпы нысанды салу үшін мемлекет 264 миллион теңге бөлген. Коммуналдық желілерді тарту үшін 110 миллион теңге қарастырылған.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тұрғындар Алматы мен Кеген ауданы арасындағы жолды жөндеуді талап етіп отыр