Президентке хат жолдаймыз: инфрақұрылымсыз қалған тараздықтар қала билігіне шүйлікті

19.03.2021 00:47

Талай есікті тоздырып, тағаты таусылған тұрғындар ақыры телеарнаға үміт артқандай

Almaty.tv

Жамбылда ауызсу, кәріз проблемаларынан бөлек инфрақұрылым мәселелері де жетіп артылады. Атап айтсақ, облыс орталығының өзінде жолы мен жарығы жоқ көшелер бар. Талай есікті тоздырып, тағаты таусылған тұрғындар ақыры телеарнаға үміт артқандай. Олардың сөзінше, 40 жылдан бері қараңғы жолдармен жүруге мәжбүр. Аймақтағы әріптесім Мерей Бает жұртпен жолыққан еді. Almaty.tv тілшісінің сюжет көріңіз.

Аймақтағы Қант зауыты қарашасының жылдар бойы жалғасқан проблемасы осы. Тұрғындар үшін өзекті проблемаға айналған бұл көше жарығы. Мұндағы ата-аналар тас қараңғы көшеде «мектепте оқитын балаларына бірдеңе болып қала ма деп жанын шүберекке түйіп отырамыз», дейді.

«Сонда оны қашан істейді? Міне, сонда міндетті түрде бірдеңе болу керек пе? Біреу өлу керек пе? Тағы бес адам өлу керек пе, алты адам өлу керек пе? Шынымен ғой. Тағы бір бала  №6 мектептегідей зорлану керек пе? Мысалы, қараңғыда кім біледі оны?  Ата-аналар балалары мектептен келгенше жанын шүберекке түйіп отырады», – деді қала тұрғыны Айдар Бекайдаров.

Біздің түсірілім топ халықтан хабар түсе салысымен аттанды. Ағайынның айқай-шуын естімей жатып, жолдың жырына қанықтық. Мұнда жеңіл көлікпен жүру қиын. Алабқа жету үшін біраз төбеге тірелуге тура келеді. Ал, тұрғындар «мұнда көліктер былай тұрсын, тіпті адам жүрудің өзі мүмкін емес» дейді.

«Жол мәселесі бойынша және жарық бойынша биылға жоқ бұл жерде. Бұл жерде қазір айтып отырмыз ғой асфальтты төсеп алғаннан кейін, жер қазу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тағы да «Неге бұл асфальттың быт-шытын шығардыңыздар» деп әңгіме болады. 2022 жылға сұраймыз біз қаржыны осы жобаны жасауға. Осы массивке, жарықтандыру. Содан кейін жарықтандыру жұмыстарын жүргіземіз осы жаққа», – деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Қалибаев.

Күйінген жұрт мәселесінің кейінге қалуы себебі...

«Басты себебі мынау – газификация жер астына аудару керек. Кейін тағы да әңгіме болады. Жаңа асфальтты тағы бұздыңдар деп. Қай жаққа қарап жүрсіңдер деп», – деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Қалибаев.

Аталған алқапта әбден күйінген жұрт егер мәселе шешімін таппаса, тікелей президентке хат жолдаймыз деп бекініп отыр. Басқа амал жоқ.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» телеарнасы, Тараздан