Алматы облысында"егіз" көліктер бар: ІІМ бұған қатысты қандай пікір білдірді

19.03.2021 01:34

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бұл деректі анықтай алмайды

Almaty.tv

Алматы облысының тұрғыны 1,5 жыл бойына темір тұлпарының құжаты дұрыс рәсімделмегендіктен тізгіндей алмай келіпті. Себеп - көлік құжатын тіркемек болып орталыққа келсе, тура өзінің көлігімен сәйкес келетін деректеремелері бірдей машина базада бар екен. Кейіннен автомобильдің иесі ауысқан кезде құжаттарды тіркеуде қате жіберілгені анықталған. Мұндай келеңсіздіктің соңы неге апаруы мүмкін? Жаңадан көлік сатып алар кезде нені ескеру қажет?  Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды онлайн қабылдау кезінде бірнеше мәселе қаралды. Соның бірі көлік деректемелерінің бір-бірімен сәйкес келуі. Алматы облысының тұрғыны осы мәселені айтып көлігін бірнеше уақыттан бері тізгіндей алмағынын айтып министрілікке жүгінген. Сөйтсе....

«Белгілі болғандай, ұқсас автомобильдің иесі ауысқан кезде құжаттарды ресімдеуде қате кеткен. Қазір ол мәселе шешілді. Өтініш иесінің автокөлігі автоматты түрде деректер базасынан алынып тасталды. Мұндай келеңсіздіктің алдағы уақытта орын алмауы қадағаланады», – деді ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз қызметі.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бұл дерек анықталмайды екен. Көлік Вин-кодының басқа көлікпен сәйкес келуін құзырлы органның тексеретінін айтады.

«Біз көліктерді тіркегеннен кейін онлайн режимде құжаттарды құзырлы органдарға жібереміз. Сол жақтан Ішкі Істер министрлігінің мамандары көлікті толығымен тексереді. Оның айыппұлдары туралы, көлік деректемелерінің басқа машиналармен сәйкес келу келмеуін анықтайды. Содан кейін бізге ақпарат келіп түседі. Біз тек көліктерді тіркеумен ғана айналысамыз», – деді қалалық №6 мамандандырылған ХҚКО басшысы Бағлан Мұхитұлы.

Ал қалалықтар болса, мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алуын шет елден көліктердің көптеп келуімен байланыстырып отыр.

«Қазіргі Ресейден келген басқа шет елдерден келген машиналардың кодымен ауыстырып сондай жасап жатады дейді, білмеймін енді, өзім кездестірмедім», – деді қала тұрғыны Жұмаділ Сүйін.

«20 күн болды машина іздеп жүргенімізге. Бізге машиналар кездесті ғой, сонда Вин-коды дұрыс емес. 4 саны бар, қалғаны жоқ, өртеніп кеткен машина. Сондай да жағдай болады. Бірінші рет кезігіп таңғалдық біз», – деді қала тұрғыны Дәмелі Фархатова.

Көлік сатып алар кезде құжаттарын, әсіресе машинаның сәйкестендіру нөмірін мұқият тексеріп алғаныңыз жөн. Бұл нөмір әр автокөлікте әр түрлі көрсетіледі. Бірінің ішікі салонында болса, енді бірінің сыртында жазылған. Құжаттың бұл бөлігіне немқұрайлы қарасаңыз көлігіңіздің басқа машиналардың деректемелерімен сәйкес келу қауіпі бар.

Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы