Шымкентте ерекше балаларға оңалту орталығы мен балабақша жетпей, ата-аналар әкімдікте шу шығарды. Дамуы кешеуілдеген кішкентайлар үшін шаһарда мемлекеттік жалғыз ғана мекеме бар. Бірақ мұндағы кезек жылжымайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш баланың анасы Айнұр Ағабекованың кенжесі ерекше диагнозбен туған. Төрт жасар ұлының қатарынан кеш дамып жатқанын келіншек екі жасында бір-ақ білген. Сөйтіп Шымкенттегі мемлекеттік арнайы жалғыз балабақшаға тіркепті. Бірақ содан бері кезек мүлде жылжымай өзге орталыққа келген. Оның өзінде жағдай ушығыпты.
– Білім басқармасы жібергеннен кейін қаржыландыру шарт деп ойлаймын. Бізді жекеменшік балабақшаға ауыстырамыз деп жатыр. Демек 150-200 мың теңге төлеу керек, – деді ата-ана Айнұр Ағабекова.
Ал орталық иесі қалалық білім басқармасын кінәліп отыр. Бұл орталық мемлекеттің қолдауымен серіктестік аясында ашылған. Алайда бюджеттен бөлінетін қаржы ай сайын азайып, соңғы 5 айда қысқарған. Кесірін басқа емес, көмекке мұқтаж 100-ден астам бүлдіршін көріп отыр.
– Оңалту орталығының мәселесі бесінші ай шешілмеді. Қаржы дұрыс төленбейді. «Мамандарды қысқарта салыңыздар» дейді. Маман қысқарса, қалай нәтиже шығарамыз? Бұл балаларға кешенді жұмыс жасаған кезде ғана нәтиже болады, – деді балабақшаның құрылтайшысы Құралай Кемелбекова.
Білім басқармасының басшысы ерекше балалардың бұл жағдайынан хабардар. Әкімдік өкілдері кішкентайларды қайта тексеріп, нақты саны анықтамақ. Ал бюджеттен қаржы сұрау содан кейін ғана жүзеге асады.
– Біріншіден, мониторинг жұмысын аяқтауымыз керек. Бізге қосымша қаржының қажет немесе қажет еместігін анықтауымыз керек. Содан кейін бюджеттен қосымша ақша бөлу үшін өтінім беріледі. Болмаса, басқармаға бөлінген ақшаның ішінен үнемделген ақша болса, жұмсауға рұқсат беруін сұраймыз. Ондай жағдайда, конкурс жариялаймыз, бір айда шешіледі, – деді Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Ал онсыз да баласын қатарға қосу үшін қолдағы барын беріп, ем-домға шығындалып жатқан ата-аналарға нақты баға келесі аптада анық айтылады. Оған дейін балабақша мен оңалту орталығы конкурсқа түседі.
Айта кетейік, қазір Шымкентте мемлекеттік қолдауымен серіктестік аясында ашылған 12 балабақша бар.
Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы тұрғындар ауыз суға зәру