Әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау аяқталды

baq.kz
baq.kz
Биыл бағдарламаға табысы 200 мың теңгеден аспайтын әйелдер де қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау аяқталды. Биыл бағдарламаға табысы 200 мың теңгеден аспайтын әйелдер де қатысты. Қазақстан бойынша 1100 қыз-келіншектің өтініші мақұлданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұлдыз – Алматы қаласының тұрғыны. «Ұмай» бағдарламасына қатысқан оның өтініші қабылданды. Оған аталмыш ипотекалық несие негізінде 17 миллион теңге берген. Қаланың орталығынан пәтер алатын келіншектің қуанышында шек жоқ.

– Баспана бірінші нарықтағы үй болуы керек. Варламова көшесіндегі пәтер өзіме ұнады, Енді ары қарай жөндеу жұмысын жасаймыз, – деді қала тұрғыны Жұлдыз Бекбауова.

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 15,6 млрд теңге жұмсау көзделген. Несиенің жалпы көлемінің 40 пайызға жуығы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қаласына, ал қалған 60 пайызы облыстар мен шағын қалалардың тұрғынына беріледі.

– Егер қатысушының табысы 550 мыңнан аспаса, онда бастапқы жарна құны 15 пайыз, табысы 550 мыңнан асып, 640 мың теңгеге дейін болатын болса, бастапқы жарна құны 20 пайызды құрайды. Ал егер қатысушы адамның табысы 640 мың теңгеден асып кетсе, бағдарламаға қатыса алмайды, – деді «Отбасы банкі» АҚ Сату және өңірлерді дамыту департаментінің бас маманы Мақсат Зайытов.

Бағдарлама бойынша бөлінетін қарыздың ең жоғарғы сомасы 30 миллион теңгені құрайды. Ол 14,4 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Қарыздың тең жартысы өтелгеннен кейін 3,5 пайыздан 5 процентке дейін төмендетіледі. Ал қарыз алу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны бірінші және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады.

– Ұмай әйелдер ипотекасы бағдарламасы аясында 30 миллион теңгеге дейін үй алатын болса, жөндеу жұмыстарына 3,7 миллион несие алуға болады, – деді «Отбасы банкі» АҚ Сату және өңірлерді дамыту департаментінің бас маманы Мақсат Зайытов.

Аталмыш бағдарлама бойынша 2021 жылы 8,4 млрд теңге көлеміндегі бірінші транш игеріліп, 954 несие берілген болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге көлемінде екінші транш қабылданып, 1120 қыз-келіншек қоныс тойын тойлаған еді.

Гүлмарал Изатқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров