Газ баллондарының бағасы арзандайды

07.06.2022 00:48

Оның айтуынша, әрбір баллон тіркеуге алынады және техникалық төлқұжат беріледі

Almaty.tv

Баллондармен сатылатын газ бағасы арзандайды. Ол туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп Almaty.tv хабарлайды тілшісі.

Оның айтуынша, әрбір баллон тіркеуге алынады және техникалық төлқұжат беріледі. Мәжіліс депутаттарының дерегінше, қазір газдың 1 литрі - 116 теңге.  Бұл жанармай құю стансаларындағы сұйытылған газ бағасынан шамамен 2 есе қымбат.

«Бұл мәселені көптен бері талқылап келе жатырмыз. Шынымен де, газ жанармай құю стансасында сатыла ма, әлде газ баллонына құйып сатыла ма, екеуінің айырмашылығы жоқ. Біз мұны біріздендіреміз. Яғни, баға теңестіріледі. Газды баллонға құйып пайдаланушылар үшін де баға жанармай құю стансаларындағыдай болады. Демек, 1 литрі 50 теңгеден 75 теңгеге дейін болуға тиіс», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Сонымен қатар министр алдағы 180 күнде сұйытылған газ бағасы қанша болатынын айтты. Ол бұл мәселеде газ өндіріп отырған зауыттардың да жағдайын ойлау қажет деп отыр.

«Қазіргі таңда сұйытылған газдың орташа бағасы тоннасына 28 мың теңге. Бұл, әрине, өзіндік құнын ақтамайды. Бекітілген баға 28 мың теңге болса, өзіндік құны 60-90 мың тегенің арасында құбылады, әр зауытта әрқалай. Сондықтан біз оны шамамен көтеруіміз керек негізі. Келесі 180 күндікке сұйытылған газдың бағасы сәл өсуі мүмкін. 20 пайыздан артық емес», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.