Бұл туралы әкім өзінің instagram парақшасында жариялады
Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын қабылдады. Алматылықтар мегаполис басшысына өздерін талайдан бері мазалаған мәселелерін жайып салып, соларды шешіп беруге өтініш білдірді. Бұл туралы әкім өзінің instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгін азаматтарды кезекті қабылдау кезінде алматылықтар түрлі мәселелер мен өтініштерді айтты. Оның ішінде, аумақты абаттандыру және коммуналдық инфрақұрылымды тарту сөз болды», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Атап айтсақ, М. Рахматуллина есімді тұрғын Әуезов ауданындағы ықшамаудандар аулаларын жөндеу проблемасын көтерді. Ауданда 966 аула аумақтары бар, олардың 366-ы абаттандырылған.
«Ағымдағы жылы шамамен 109 ауланы ретке келтіру жоспарланған. Тағы 150 ауланы жаңарту бойынша құжаттама әзірленуде. Жалпы, қалада биылғы жылы 500-ге жуық ауланы жөндейтін боламыз, осылайша өмір сүру және дұрыс тынығу үшін жайлы жағдайларды жасаймыз», - деді Алматы қаласының әкімі.
Ал, екінші топтағы мүгедек Н. Шәріповтың өтінішін Л. Мамбетиярова білдірген. Ол мәселе бойынша шаһар басшысы су құбырлары мен газбен қамту желісіне қосу мәселесін шешуді тапсырды.
«Қалада жеке үйлерде тұратын әрі газбен қамтылуға мүмкіндіктері жоқ 210 аз қамтылған отбасы бар.150-ге жуық үйді газ желісіне тегін қостық. Газ желісін тартатындармен төлемді бөліп төлеу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Қаланың жеке секторын газбен толық қамтуды жоспарлаудамыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.