Алматыда карантин уақытында жеке көлікпен жүруге рұқсат жоқ. Тек, үй маңындағы супермарткеттерге ғана баруға болады. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, жеке көлікпен тек арнайы мамандар ғана жүре алады. Олар медицина қызметкерлері, коммуналдық қызметкерлер, құқық қорғау және арнайы органдары мен азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемелердің өкілдері. Сондай-ақ, шаһар басшысының бірінші орынбасары Алматыда арнайы іріктеліп алынған 2000 такси қызмет ететін болады деді.
«Соңғы 20 күннің ішінде белсенді жүрген таксомоторларды, сосын клиент берген ең үлкен рейтингіні қарап, 2 мың ғана такси қалдырамыз. Осы карантин уақытына. Кешегі күні осы компанияларға 900 шақыру ғана түсті. Сондықтан осы 2 мың көлік жетіп жатыр», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.
Ал, карантин уақытында ешкімге такси қызметін көрсетуге лицензия берілмейді дегенді баса айтты. Сонымен қатар, брифинг барысында Ерлан Қожағапанов қала бойынша жүргізіліп жатқан дезинфекция жұмыстары адам денсаулығына ешқандай да зияны жоқ деді. Өңірлік штаб төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен тұрғындарға барлық залалсыздандыру жұмыстары туралы ақпарат беріліп тұрады. Одан бөлек Қожағапанов, саябақта өлген кептерлерге де қатысты пікір білдірді.
«28-ші Панфиловшылар саябағында дезинфекциялау жұмыстары 19 наурызда жүргізілді және 20 наурыздан бастап жабылды. Ал, өлген кептерлер туралы суреттер 25 наурызда жарияланды. Бес күн өткеннен кейін кептерлер дезинефекциядан өлді деуге келмейді. Қазір ол кептерлерді сараптамаға жібердік. Оның шешімі жақын күндері шығады», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.