|
01.03.2024 | 19:05
9973

Ұлытау облысында ірі сауда желісінің қызметкерлері жұмыссыз қалудан қауіптенеді

Олар 4 айдан бері зейнетақы қорына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жасалатын төлемдер толтырылмаған деп ашулы

Ұлытау облысында ірі сауда желісінің қызметкерлері жұмыссыз қалудан қауіптенеді Almaty.tv

Ұлытау облысында ірі сауда желісі 200 қызметкерге 4 айдан бері тиісті төлем жасамаған. Жезқазған мен Сәтбаевта орналасқан гипермаркет пен шағын маркеттері бірнеше ай бос тұрыпты. Бүгінде сауда желісін басқа компания басқаруға алып жатқандықтан жұмысшылар қысқарып қаламыз ба алаңдайды. Тіпті басшылық сатушыларды өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуға міндеттеген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Гипермаркет қызметкерлерінің бұлай наразылық танытуы бірінші рет емес. Бұған дейін тиесілі еңбек ақыларын ала алмай шу шығарса, енді 4 айдан бері зейнетақы қорына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жасалатын төлемдер толтырылмаған деп ашулы. Тіпті кейбірі декреттік демалысқа шығу үшін құжаттарын өткізе алмай жүр екен.

«Зейнетақы қорына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жасалатын төлемдердің түспегеніне 4 ай болды. Кімнен сұраймыз? Кім төлейді?» – деді сатушы Гаухар Бажкеева.

Гипермаркетке келген сауда желісінің өкілі жақын арада дүкенді басқа мекеме басқаруға алатынын айтты. Содан кейін ғана компанияның шоттары ашылады және барлық қызметкерге тиісті төлем жасалады деді.

«Біз 4 наурызға дейін барлық есеп айырысу шотымызды ашып, сізге жалақыңызды және барлық салықыңызды төлеуіміз керек. Одан кейін қайта жұмысқа орналасу туралы өтініш жазыңыздар», – деді сауда желісінің өкілі Тұрсынай Ибадатова.

Ал қысқартуға ұшыраймыз деген жұмысшыларға жаңа басшы алаңдауға негіз жоқтығын айтады. Айтуынша құжат рәсімделген соң қайта жұмысқа қабылдайды.  

«Мен «Ұлы Дала» желісінің директоры боламын, егер сіз жұмыстан шығу туралы арыз жазсаңыз, 4-5 наурыз аралығында келісімшартқа қол қоямыз. Бәріңізді сол күні жұмысқа қабылдаймыз», – деді компанияның жаңа директоры Руслан Камзин.

Айта кетейік, ірі сауда желісіне қарасты дүкендерде 80-дей қызметкер, ал гипермаркетте екі жүзден астам адам жұмыс істейді.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Өзге этнос өкілдерінің Қазақстан туралы пікірі

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир