Белгілі болғандай, Руслан Жүнісов түрмені басқарған тұста ақылы түрде кездесулер ұйымдастырған екен. Заңсыз іске тіпті оның жүргізушісі де араласқан деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Прокурордың мәлімдеуінше, 36 жастағы Әділет подполковнигіне бірнеше айып тағылып отыр. Ол сотталушылардың туыстарынан пара алып қана қоймай, жазасын өтеушілерді бопсалап, ақша талап еткен. Тіпті, қол жұмсап, ұрып-соққан кездері де болыпты. Сыбайласы көлік жүргізушісі болған, ол сотталғандың туыстарымен кездесу ұйымдастырып, сол үшін 60 мың теңге талап еткен. Ақшаның 20 мың теңгесін өзіне алып қалып, қалғанын бастығына беріп отырған.
«Руслан Жүнісов ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-шы бабы 2-3 тармақтары яғни, пара алу бойынша, сондай-ақ 362-ші баптың 4-ші бөлігі 1-ші пунктіне сәйкес «шенін асыра пайдаланғаны үшін» айыпталса, ал көлік жүргізушісіне Камиль Абдуллаев ҚР Қылмыстық Кодексінің 28-ші бабы 5-ші бөлігі, яғни қылмысқа сыбайлас болғаны үшін деген кінә артылып отыр. Мекеменің экс-басшысы қызметте отырып, қасқана ауыр қылмыс жасады», – дейді Алматы қаласы прокуратурасының аға прокуроры Жандос ӘБДІБАЕВ.
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті тергеу изоляторының экс-басшысын сотталған азаматтың туысына кездесу ұйымдастырмақ болып өз кабинетіне шақырған сәтте ұстаған. Ал, оған дейін ол жазасын өтеушінің туысынан 100 мың теңге сұрап, қапаста жатқан жақынының жағдайын жасауға уәде еткен. Тіпті, тұрақты түрде кездестіру ұйымдастырып, ұялы телефон кіргізіп бермек те болыпты.
Сондай-ақ, басты сот талқылауында Руслан Жүнісовтің сотталушылардың арасындағы төбелесті жасырып, құжатқа заңды түрде тіркемегені анықталды. Белгілі болғандай, 2018 жылы асханада жұмыс істеп жүрген екі жазасын өтеушінің арасында жанжал шыққан. Арты төбелеске ұласып, салдарынан Абзал Бақбайдың миы шайқалып, мұрны сынған. Ал бұл әрекеті үшін оларды «басқа түрмеге ауыстырып жіберем» деп қорқытқан тергеу изоляторының экс-басшысы қоластындағылар арқылы сотталғандардан 1000 АҚШ долларын талап еткен.
«Мен басқа түрмеге ауыстырмауы үшін ақша беруге келістім. Тек ол кезде қаражатым болмай біраз жүріп қалдым. Кейін оның орынбасары келіп, ақшаның қажет емес екенін жеткізді. Төбелес туралы айтсам, оқиға 2018 жылдың тамыз айында болды. Бірақ маған ол туралы ешкімге айытпауды бұйырды», – дейді жәбірленуші Абзал Бақай.
Айта кетейік, түрменің экс-басшысына қатысты істе алдымен жәбірленушілер, сосын куәгерлер, соңында барып сотталушылар тергелмек. Іс Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында қаралып жатыр.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Алматы телеарнасы